Оқиға сәуірдің 12 күні сағат 20:30-да Байқоңыр ауданында орын алды. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзету бойынша қызмет атқару барысында Ұлттық ұлан әскери жасағы Чехов көшесі бойында аяғынан тұра алмай, жерге құлап түскен азаматты көреді.
Әскери жасақ бастығы сержант Мейрамбек Тілеубаев, патрульшілер қатардағы Диас Майкин және Қайрат Жүзбаевпен бірге дереу ер кісіге көмек көрсетуге қасына барады.
- Біз Нұр-Сұлтан қаласындағы қылмыс жиі жасалатын Байқоңыр ауданында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзету бойынша қызмет атқарып жүргенбіз. Бұл жерде мас күйіндегі адамдар жиі кездеседі. Осы жолы да жылу трассасы маңында отыз метрдей қашықтықта жерге құлаған адамды көргенде сондайлардың бірі ме деп ойладық. Жақындағанда оның бір қолымен жүрек тұсын ұстап, екінші қолымен телефонды алып, қоңырау соғайын деп тұрғанын байқадық. «Сізде бәрі жақсы ма?» деген сауалымызға ол телефонын ұсынып, жедел жәрдемді шақыруды сұрады. Арада 5-6 минут ішінде 103 көлігі келіп, мен патрульшілермен бірге азаматты көлікке отырғыздым. Тексерістен кейін фельдшер бізге бұл азаматта инсульт болғанын айтты, - дейді ұландық Мейрамбек Тілеубаев.
Қырағы қызметі үшін әскери қызметшілер 5573 әскери бөлімі командирінің құқығымен марапатталды.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі