
Ұлттық ұланның елордадағы 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Ержан Еренқайыпов 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде дзюдодан ашық Азия кубогында алтын медаль жеңіп алды.
28-29 сәуір аралығында Кувейт астанасы – Эль-Кувейтте өткен жарысқа әлемнің 27 елінен 150-ден астам спортшы қатысты. Қазақстанның атынан 8 салмақ дәрежесінде 15 спортшы сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте Оңтүстік Корея құрамасынан кейін екінші орынға ие болды. Қазақстандық спортшылардың қоржынында 7 медаль бар: 2 алтын, 2 күміс және 3 қола.
– Әлемдік аренада біздің құраманың атынан алтын медаль жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Финалда мен түрікмен дзюдошысы Довран Язкылычовпен кездестім. Бұл керемет жекпе-жек болды. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақановқа осы жарысқа қатысуға мүмкіндік бергені үшін, сондай-ақ өз жаттықтырушыларыма алғысымды білдіремін, – деді ефрейтор Ержан Еренқайыпов.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі