
Бүгін, 7 сәуір күні, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы Тәжікстанның Пшихарв шатқалында содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылына тойтарыс беріп, теңсіз шайқасқа түскеніне 25 жыл.

Ауған жағынан шабуыл жасаған Тәжікстандағы заңсыз оппозициясы бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған болатын. Алайда, жойқын тойтарысқа тап болып, бес сағаттық қарулы қақтығыстан кейін шабуылшылар кері шегінуге мәжбүр болды.
Сол бір теңсіз шайқаста ротаның 17 жауынгері қаза тапты, 33 жауынгер жарақаттанып, кейін соның салдарынан 7-і өмірден озса, 10 жауынгер мүгедек болып қалды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысына сәйкес, 1993 және 1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлердің жедел мақсаттағы әскери бөлімдерінің екі мыңнан аса офицері мен сарбазы Қазақстан Республикасы құрамалы батальоны құрамында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тәжік-ауған учаскесіндегі сыртқы шекарасын қорғау бойынша жауынгерлік міндеттерін орындады.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жауынгерлік міндеттерін орындау кезінде көрсеткен ержүректілігі мен жанқиярлығы үшін 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екісіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі қаза болған соң берілді. Сондай-ақ шайқасқа қатысқан 50 әскери қызметші Ресей Федерациясының «За отличие в воинской службе» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен (қаза тапқан 17, жараланған 33 жауынгер) марапатталды.
Қаза тапқан жауынгерлерді құрметтеу мақсатында елімізде олардың есімдері мектептер мен көшелерге берілді. Душанбе, Нұр-Сұлтан, Шымкент және еліміздің басқа қалаларында, сондай-ақ әскери бөлімдерде ескерткіштер мен естелік тақталар орнатылды.
Бүгінгі таңда 1995 жылдың 7 сәуіріндегі шайқасқа қатысқандардың 76 қатысушы Қазақстанда тұрады.
2019 жыл – айтулы жыл болды. Өткен жылы құқықтық тәртіп әскерінің мұрагері саналатын ҚР Ұлттық ұланы сол кездегі шынайы оқиға желісімен «Қазбат» көркем фильмін түсірді. Отандық «Аю синема» кинокомпаниясымен түсірілген фильм еліміздің кинотеатрларында көрсетіліп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі