
Жоғалған балалар кешкі мезгілде еш алаңсыз көлік ағылған көше бойында ойнап жүрген.
2 сәуір күні сағат 18.15 шамасында әскери жасақ бойынша кезекші лейтенант Дамир Ысқақовқа 5 және 7 жастағы екі баланың жоғалып кеткені туралы ақпарат келіп түседі. Екі ұл бала сағат 16.00 шамаларында жоғалған және ата-аналардың өздері іздемек болған әрекетінен еш нәтиже шықпаған. Шамамен 10 минут өткенде Ұлттық ұланға қарасты 5513 әскери бөлімінің жауынгері Әділет Асқар басқаратын, құрамында патрульшілер қатардағы Руслан Нұрлыбеков пен Құрмет Әлсейітов бар әскери жасағы радиостанция арқылы кезекшіге екі ұл баланы байқағанын баяндайды. Ақпаратта көрсетілген сипаттарға келетін екі бала Төле би мен Әйтеке би көшелерінің қилысында жүр екен.
Аталған орынға барған лейтенант Дамир Ысқақов Жедел басқару орталығына байланысқа шығып, жоғалған балалардың ата-аналарына жақсы жаңалықты хабарлайды. Кейін белгілі болғандай, жоғалған балалар екі үйдің балалары болып шықты. Олардың ата-аналары келіп, балаларды тауып берген ұландық әскери қызметшілерге қырағы қызметтері үшін өз алғыстарын білдірді.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметі