
Қызылорда қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қызметке шыққан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5547 әскери бөлімінің жауынгерлері тұрғын үйдің бірінен шыққан өртті байқайды.
Оқиға 16 наурызда сағат 18.30-да орын алған болатын. Өрт пәтердің төртінші қабатынан шыққан. Өрт жалынын байқаған жасақ бастығы қатардағы Алан Жұматаев қасындағы патрульдеушілер Бейбарыс Төрежан мен Нұртілек Жұмашты ертіп, дереу өрт шыққан көпқабатты үйдің кіреберісіне жүгіреді. Жол-жөнекей өрт сөндіру қызметіне және әскери жасақ бастығына хабар береді.
Уақытты өткізбей, дереу қимылдаған жауынгерлер өрт сөндірушілерді күтпестен, тұрғындарға көмектесуге шешім қабылдайды. Сонымен қырағы ұландықтар тәуекелге бел буып, алдымен тұрғын үйді қоршауға алды. Кейін үйдің ішіне кіріп, адамдарды өз күшімен шығара бастайды. Өрт сөндірушілер келісімен өрттің алды алынды.
- Менің балконымнан өрт шыққан кезде 5547 әскери бөлімінің жауынгерлері келіп маған көмек жасап, балаларымды алып шықты. Дер кезінде көмекке келген сарбаздарға, олардың командирлеріне алғыс айтамын, - дейді сол үйдің тұрғыны Шынар Махамбетқызы.
Ұландық жауынгерлер қарапайымдылық танытып, өз істерін ерлікке баламайды. Сонда да, ерліктің аты – ерлік. Уақытылы көмектің арқасында тұрғындар өрттен аман қалды.
Қызмет барысында қырағылық пен өжеттік танытқан алғыр азаматтар: әскери жасақ кезекшісі аға лейтенант Асқар Шаймұратов, кинология қызметінің маманы ефрейтор Бауыржан Тасқара, әскери жасақ бастығы қатардағы Алан Жұматаев және патрульдер - Бейбарыс Төрежан, Нұртілек Жұмаш, Берікжан Әлібайға тұрғындар өз алғыстарын жеткізді.
ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметі