Ұландықтар елордада карантиндік режимді бұзған екі азаматты ұстады

Ұландықтар елордада карантиндік режимді бұзған екі азаматты ұстады

Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері патрульдеу кезінде карантиндік аймақты заңсыз өткісі келген екі азаматты байқайды.

24 наурыз сағат 13.45 шамасында «Нұр-Сұлтан - Көкшетау» тас жолындағы тосқауыл бекеттің жанын патрульдеу кезінде Ұлттық ұлан жауынгерлері бекетті заңсыз айналып өтіп бара жатқан екі азаматты байқайды.

Аталған бұзушылар қолға түсіріліп, мән-жайды анықтау үшін Байқоңыр аудандық полиция басқармасына тапсырылды.

- Бізге бекітілген аумақта бақылау жүргізіп тұрғанбыз, шамамен 250 метр жер қашықтықтан қала жақтан шыққан екі азаматты байқадық. Біз тез арада қимылдап, ысқырықпен белгі беріп, жүгіріп қастарына бардық, – дейді қатардағы жауынгер.

Олар 1992 және 1993 жылдары туған жас азаматтар екен. Қашуға ұмтылмады. Біреуі елорда тұрғыны болса, екіншісі Қостанай облысы Арқалық қаласының тұрғыны. Ұсталған сәтте олар Ақкөл қаласына жол тартып бара жатқанын, ешкім байқамай қалар деген оймен карантиндік аймақты біле тұра бұзғандарын айтты. Әрі қарай олар бекеттегі полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

- Қолға түскен сәтте олар аталған бұзушылыққа көз жұма қарап, бізді жіберуге көндіргісі келді, – деп түсіндірді Ұлттық ұлан жауынгерлері.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі