
2023 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан әскерінің құрылғанына - 31 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жедел елордалық құрамаға барған алғаш сапарында Ұлттық ұланды «нағыз ерлік пен патриотизм мектебі» деп жоғары баға берді. Уақыт көрсеткендей ұландық әскери қызметкерлер өздерінің жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып, өмірлерді құтқарып, өз өмірлерін қауіпке тіге отырып жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Жаңаөзен, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Қарағанды, Тараз, Шымкент және тағы басқа қалаларда құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарды. Қасіретті қаңтар барысында Ұлттық ұланның 400-ге жуық әскери қызметшісі жарақат алды. Сол қиын сәтте, әскери антқа адал екендерін танытты.
Құқықтық тәртіп әскері қиындықтарды еңсере отырып, өз міндетінің үдесінен шыға білді. 2014 жылдың 21 сәуірі – тарихи маңызы бар кезең. Дәл сол күні ІІМ Ішкі әскерлерінің заңды мұрагеріне «Ұлттық ұлан» мәртебесі берілді. Ұлттық ұлан жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Ата заңда жазылған Отан алдындағы антқа адал. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін және қоғам құндылықтарын, территория тұтастығын, мемлекет мүддесін қорғауда қырағылықтың жоғары үлгісін көрсетіп келеді.
Кәсіби мереке қарсаңында Ұлттық ұланның басшылық және жеке құрамына, ардақты ардагерлер мен олардың жақындарына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт, қасиетті Отанымыз - тәуелсіз Қазақстанды қорғау жолындағы қызметтеріне үлкен табыстар тілеймін.
Құрметпен,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік
комитетінің мүшесі Ерлік Тайжанов