Тәуелсіздік таусылмас нәр, биік құндылық. Елді қорғау әркезде де маңызын жоғалтпайды. Отанды қорғау, қорғаныс қабілеті және патриоттық тәрбие тақырыбын бүгінгі мақаламызға арқау еттік. Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, депутат Ерлік Серікбайұлы Тайжановты сөзге тартқан едік.
– Саулығыңызды тілеймін, генерал мырза! Қорғаныс қабілеттілігі әр ел үшін маңызды екені сөзсіз. Ұлттық ұланның ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі орны туралы айтып өтсеңіз. Бүгінгі әңгімемізді осы тақырыптан бастасақ.
– Иә, айтуыңыз дұрыс. Тақырып өте ауқымды. Қорғаныс қабілеті, ұлттық қауіпсіздік мемлекеттің бірінші басымдығы. Баршаңызға белгілі еліміз өз тәуелсіздігінің үшінші он жылдығына аяқ басты. Осы уақыт ішінде дейін Қарулы Күштерін, ұлттық қауіпсіздік жүйесін қалыптастырды. Заман үнемі өзгеріс үстінде. Заманауи қауіп-қатерлердің түрі де, ауқымы да үнемі өзгеріс барысында. Экономика басты басымдықтың бірі болғанымен, одан да жоғары құндылықтар барын ұмытпағанымыз абзал. Солардың негізгісі – жоғарыда айтып өткен елдің қорғаныс қабілеттілігі. Әскери күш-құрылымдар елімізді сыртқы жаудан да, ішкі қауіп-қатерден де қорғауы тиіс. Осы арада мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскері туралы айтып өткім келеді. 30 жыл бойы ұландық әскери қызметшілер өздерінің елеулі еңбектерімен ұлттық қауіпсіздік жүйесінде өз орындарына сәйкес екенін дәлелдеуде. Осы жылдар ішінде біз елмен бірге жасасып, өркендеп келеміз. Әрине, бастапқыда материалдық-техникалық қамтамасыз етуде қиындықтар болды, кадр тапшылығын да бастан өткерді. Десе де, құқықтық тәртіп әскері қиындықтарды еңсере отырып, өз міндетінің үдесінен шыға білді. 2014 жылдың 21 сәуірі – тарихи маңызы бар кезең. Дәл сол күні ІІМ Ішкі әскерлерінің заңды мұрагеріне «Ұлттық ұлан» мәртебесі берілді. Ұлттық ұлан жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Ата заңда жазылған Отан алдындағы антқа адал. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін және қоғам құндылықтарын, территория тұтастығын, мемлекет мүддесін қорғауда қырағылықтың жоғары үлгісін көрсетіп келеді. Әскердің әлеуетін арттыру мақсатында 2015 жылы 10 қаңтарда «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Заң қабылданды. Онда Ұлттық ұланға жүктелген ескі функциялармен қатар, жаңа функциялар да енгізілді. Осы уақыт ішінде офицерлер корпусы, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, мерзімді қызметтегі сарбаздар біздің халқымыздың мүддесі үшін кез келген міндетті орындай алатынын дәлелдеді.
– Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде айтқан Үндеуінде қорғаныс, қауіпсіздік саласын реформалауға көп тоқталды. Сондай-ақ, Ұлттық ұлан әскеріне де жеке тоқталып өтті. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Дұрыс айтасыз. Жалпы ішкі тұрақтылық пен тыныштық сөзінің мәнін жетік түсіне алдық па? Соңғы жылдары көп айтылғаннан бұл сөздің мәні кете бастады ма? Уақыт көрсеткендей, тұрақтылық қалыптасу үшін күш керек. Сақтау үшін сабыр қажет. Айналасы қақтығыстың отынан отыз жыл бойы аман болған еліміз тұрақтылық пен тыныштықтың аралындай көрінген еді. Бәлкім, ішкі берекемізді көп көрген бәз біреулердің көзі елімізге аларғандай көрінеді. Әйтпесе, бейбітшілікті қалайтын жұрт арандату отын жақпайтын еді. Барлығы адасып, сабыр жоғалғанда, еститін құлақ, мейірімді жүрек қалмағанда бар құндылықтар жойылады. Тек, алынбаған қамалдай соңғы шеп қалады. Ол – елдігіміз бен егемендігіміз. Ішкі шебімізді қайтпас қайсар сақшыдай күзететін күш – құқықтық тәртіп әскері. Яғни Ұлттық ұлан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жедел елордалық бригадаға барған алғаш сапарында Ұлттық ұланды «нағыз ерлік пен патриотизм мектебі» деп жоғары баға берді. Уақыт көрсеткендей біздің әскери қызметкерлер өздерінің жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып, өмірлерді құтқарып, өз өмірлерін қауіпке тіге отырып жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Жаңаөзен, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Қарағанды, Тараз, Шымкент және тағы басқа қалаларда құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқару барысында Ұлттық ұланның 400-ге жуық әскери қызметшісі жарақат алды.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы Қордай ауданындағы оқиғаларды оқшаулауға қатысты. Ұландық жауынгерлер халықтың алғысына бөленді, ұландықтардың қызметіне қатысты көптеген жылы сөздер айтылды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы билік органдарымен үйлесімді жұмыс атқарылды.
– Демек, батыр-бабаларымыздың жолын жалғастырып келеді.
– Иә. Байқадыңыз ба, біздің ұлы ата-бабаларымыз жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алатын үлкен аумақты қалдырды. Ойлап көріңіздерші, олар рухы қандай еді?.. Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген сөздері тарихымызды айшықтауда. Біз қандай да бір қиындықтарға немесе «соққыларға» қарамастан, аумақтық тұтастығымызды сақтауға міндеттіміз. Біздің Мемлекет – Қазақстан халқының тірегі. Өйткені біздің жеріміз бауырластық пен достықта тұратын көптеген этностар мен ұлттардың өкілдерін біріктіреді. Баршамыздың ортақ үйіміз – тәуелсіз Қазақстан.
Біз жақында азаматтардың арасында құқықтық тәртіп әскерлеріне деген сенім туралы сауалнама жүргізгенбіз. Нәтижесінде Ұлттық ұлан сарбаздарына - күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтауға, пенитенциарлық жүйенің стратегиялық объектілері мен мекемелерін күндіз-түні, қатты ыстықта және қатты аязда күзету қызметін атқаратын 18-19 жастағы балаларға деген құрметтің жоғары деңгейі анықталды. Кейде Ұлттық ұланның жауынгері заңға бағынатын азаматты қылмыскерден бөлетін соңғы бекет болады. Оны біз жоғарыда айтып өткен мысалдар арқылы көре аламыз.
– Біртуар перзентіміз Бауыржан Момышұлы «Командир – шығармашылық тұлға» деп жазған болатын. Осы туралы айтып өтсеңіз.
– Әрине, погон таққан азаматардың арасында Ер Бәукең – Бауыржан Момышұлының орны ерекше.Өйткені, оның айтқан сөздері мен ойлары әлі күнге дейін өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Байқап көріңізші, Ұлы Отан соғысынан бері не өзгерді? Адамдармен жұмыс істеу тәсілдері, міндеттерді түсіну, жас ұрпақты тәрбиелеудегі ұлттық дәстүрлердің рөлін түсіну? Ештеңе өзгерген жоқ. Біз Бәукеңнің ойларын дамытуға міндеттіміз. Александр Бектің «Волоколам тас жолы» кітабы әр патриоттың үстел кітабы болуы керек. Бауыржан Момышұлының еңбектері – «Командирдің күнделігі», «Соғыс психологиясы» – әр офицердің сенімді серігіне айналу керек. Біз оның шығармалары бойынша дәрістер оқимыз, сабақтар мен конференциялар өткіземіз. Офицердің дүниетанымы жоғары оқу орнының қабырғасында жатыр. Бауыржан атамыз арқылы жастардың санасына салған дән өмір бойы өсіп, жеміс береді. Сондықтан біз жас ұрпақты дайындауға және толықтыруға көп көңіл бөлуіміз қажет.
Бауыржан Момышұлы батыл жауынгер және шебер, ойшыл командир болған, сонымен бірге ол үнемі шығармашылық ізденісте болып, көргендерін талдап, қорытып, қорытынды жасап, ойларын тұжырымдады. Өмірде әскери қызмет өткерумен кездеспегендердің арасында командир бұйрық береді және бәрі оны орындауға жүгіреді деген пікір бар. Әскери өмірдің өмір салты Жарғының параграфтарымен және әскери бөлімнің қоршауымен шектеледі дегендей. Бұл терең қате түсінік. Командир – шығармашылық адам. Ол жеке құраммен жұмыс жасайды. Оны зерделеу, оқыту, жауынгерлік және қызметтік даярлықты, жауынгерлік қызметті ұйымдастыру, тұрмыстық мәселелер, өзара іс-қимылды ұйымдастыру командирге жүктелген. Командир кең ойлы адам болуы тиіс. Өйткені ол адамдармен жұмыс істейді. Бір жауынгерлік тапсырманы орындау үшін де адамға үлкен білім мен жігер қажет.
Біздің тарихымыздағы ең жарқын тұлғалардың бірі – Бауыржан Момышұлы десек, артық айтқандық емес. Соғыс батыры, тәрбиеші, жазушы, стратег. Біз одан үлгі алуымыз керек. Біздің қазіргі тарихымызда да жастарға үлгі болар әскери қайраткерлер жеткілікті. Олар алғашқы Қорғаныс Министрі Сағадат Нұрмағанбетов, әскери қайраткер Мұхтар Алтынбаев, «Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаев. Бақытжан Ертайұлы соғыстың қасіретінен өткен ауғандық ағамыз. Сонымен қатар, әскери ғалым, генерал-лейтенант Абай Тасболатовты мысал ретінде айтқым келеді.
– Ерлік Серікбайұлы, енді өзіңіздің қызметіңізге оралсақ, Парламент бекітіп, Президент қол қойған заң жобасы арнаулы орган қызметкерлерінің, әскери қызметшінің, оның отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әскери қызмет атқаруды реттеуге бағытталғанын білеміз. Нақты айтқанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы және «Арнаулы мемлекеттік орган туралы» заңдарға түзетулер енгізілді. Әскерилерімізге қандай жақсы жаңалықтар бар деп айта аламыз?
– 2021 жылдың ақпан айында «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң жобасы Мәжіліске келіп түсті. Мен өзім заңгер, ҰҚК 40 жылдан астам жұмыс істеген маман ретінде айтарым, Заңға енгізілген түзетулердің әскерилер үшін жағымды жаңалықтары көп. Біріншіден, әскери қызметші қайтыс болған жағдайда, оның ішінде Қарулы Күштерден шығарылғаннан кейін де тұрғын үйді жекешелендірудегі іске асырылмаған құқықты оның отбасы мүшелеріне беру құқығы қарастырылды. Екіншіден, қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша немесе өтеусіз жекешелендіру. Мәселен, әскери қызметші қызметтік үйді еңбек өтілі 10 жылдан астам болса – қалдық құны бойынша, ал мүгедек бала тәрбиелеп отырған әскери қызметші еңбек өтілі 10 жылдан көп болса тегін жекешелендіре алады. Үшінші, қызметтік үймен екі рет қамтамасыз етуді болдырмау. Бір рет үй алу құқығын пайдаланған әскери қызметші басқа жерге ауысқан кезде оған қызметтік үй беру немесе үйді жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемін беру ұсынылады. Сосын «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» Заңға әскери қызметші қызметтен шығарылған күннен бастап оны қайтадан қызметке қабылдаған күнге дейін 3 айдан аспаса, осы уақытта еңбек қатынасы болмаса, оның әскери қызметі үздіксіз деп танылады деген жақсы бір толықтыру енгізілді. Басқа да өзгерістер бар.
– Ерлік Серікбайұлы, осының алдында, яғни «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға 2017 жылдың желтоқсанында енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың бір жаңалығы тұрғын үй төлемдерін үй алуға пайдалануға мүмкіндік берді. Бірақ 2018 жылға дейін қызмет еткен әскери қызметшілер бұл заңды пайдалана алмайды. Көбі үйсіз қалды. Соңғы өзгерістер осы мәселені қарастырды ма?
– Бұрыңғы заңда әскерилерді еңбек өтілі бойынша 3 санатқа бөліп қарастырған болатын. Қазір заң жетілдіріліп, кез келген әскери
қызметші мемлекет тарапынан бөлінетін әскери қызметшінің әр отбасы мүшелеріне бөлінетін төлемді пәтер жалдауға, артылғанын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарында жинап, жеңілдетілген несиені алуға, сөйтіп баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Бұрын тек үй жалдауға ғана төле десе, қазір әскерилердің үй ала алуына мүмкіндік бар. Бұл өте жақсы нәрсе.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша 20 жыл әскерде қызмет еткен әскери қызметші тегін пәтер алады. Қазір енді 90 жылдар емес қой, әскерден қазір көбі 20 жылдық еңбек өтілімен кетеді. 2013-2018 жылға дейін зейнетке кеткендердің мәселелерін бүгінгі шыққан заңмен жауып жатырмыз. Айналып келгенде бәрі ақшаға тіреледі. 2018 жылы әскери қызметтен запасқа шығарылған, жекешелендіруге жатпайтын жабық әскери қалашықта тұрған 742 тұлғаның осы уақыт аралығында жартысы, яғни 376-сы қызметтік үй-жайды жекешелендіруге жататын еліміздің кез-келген қаласындағы тұрғын үйге ауыстырды.
Өмір бір орында тұрған жоқ. Мәселе ақырындап шешіліп жатыр. Соңғы өзгерістер бойынша 10-20 жыл аралығындағы еңбек өтілі бар әскери қызметші әскери қалашықтағы қызметтік тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша жекешелендіру құқығымен, еліміздің түрлі өңірлеріндегі пәтерлерге ауыстыру тетігін пайдаланумен шешіп жатыр. Кейбіреуі, мысалы маған әскери қалашықтан пәтер керек жоқ, ақшасын беріңдер дейді. Ал заң бойынша рұқсат жоқ. Енді біреуіне қалдық сома бойынша, мәселен Қапшағайдан пәтер ал дейін десең, кейде құжаты дұрыс болмай жатады. Есігі, әйнегі жоқ пәтерлер кездесіп жатады. 39 жабық әскери қалашықта пәтерлер бос тұр. Қорғаныс министрлігінен сұрағанда, мұның бәрі тозығы жеткен үйлер дейді. Қызметтік сапарға шыққанда мен өзім де көрдім ол пәтерлерді. Біреуінде құжат жоқ, енді біреуін әскери қызметші алғысы келмейді. Мен неге Астана, Алматыда тұрмаймын, неге Сарыөзекте тұруым керек деген де объективті пікірлер көп. Жабық әскери қалашықтағы пәтерлердің көбі ескі, бос тұр. Біз оларды қайда жібереміз?
– Жалпы бүгінгі күні тұрғын үйге мұқтаж қанша әскери қызметші бар?
– Ресми мәлімет бойынша тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер тізімінде 40мыңнан аса әскери қызметші тұр. Ал Қорғаныс министрлігінің тұрғын үй қорында 12 444 пәтер мен жатақханаларда 4562 бөлме бар. Оның 4293 пәтері мен жатақханаларындағы 2375 бөлмесі ашық әскери қалашықтарда орналасса, 5447 пәтер мен жатақханалардағы 1512 бөлме жабық әскери қалашықтарда, ал 2692 пәтер мен жатақханаларда 687 бөлме оқшауланған әскери қалашықтарда орналасқан.
2018 жылы 14 мың адам 330 пәтер алған. Оған 35 млрд. қаражат бөлінген. 2019 жылы 520 пәтер берілген. 43 млрд. ақша бөлінген. 2020 жылы жалпы сомасы 50 млрд. жұмсалған, 414 пәтер берілген. Бұл соңғы 3-4 жылдағы көрсеткіш. Бұған жалпы сомасы 129 млрд. қаражат жұмсалған. Заң жұмыс істеп жатыр. 129 млрд. деген аз қаражат емес. 3-4 жылда жалпы 142 мың адамның пәтер мәселесі шешілген. Қорғаныс министрлігінің де мүмкіншілігі шектеулі. Заңға енгізілген өзгерістер, Қорғаныс министрлігінің бағдарламалары жұмыс істеп кетсе, күн тәртібіндегі тұрғын үй мәселесі біртіндеп шешімін табады. Көп нәрсе басшылыққа байланысты. Тұрғын үйге мұқтаждардың тізімінде тұрған әскерилердің әрқайсысының жағдайын жіті қадағалап, тексеруге алса, шешуге болады. Бұл жерде комиссия жақсы жұмыс істеу керек. Мына әскери қызметшіні мына бағдарламаға кіргізіңдер, мына бағдарламаға мынау әскери қызметші лайық деп нақты шешу керек.
– Заңда тағы бір өзгешелік бар. Ол – шекті жасты жоғарылату. Қандай жағдайлар негізге алынып отыр?
– Әскери қызметке кіру кезінде жас шектеуі 30 жастан 32 жасқа дейін, 6 айға ұлғайды. Ал мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша әскери қызмет мерзімі бес жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
Зейнетке шыққаннан кейін тағы 5 жыл созу не үшін керек? Мәселен, әскери қызметші зейнет жасына келді, бірақ ол өз жұмысын жақсы істеп жатыр. Ал артында келе жатқан жас буын оған әлі жеткен жоқ. Бұрын әскери білім беретін ЖОО оқытушыларының да шекті жасын соза алатын. Содан кейін ұшқыштарға бұл мүмкіндік қарастырылған. Өйткені екінің бірі ұшқыш бола бермейді. Ал қазір заңға енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар бойынша бірінші басшы өтініш жазып, зейнетке шығу жасын соза алады. Мәселен, бұрын генерал-майор 60 жасында зейнетке кетіп қалатын болса, қазіргі жаңа заң бойынша тағы 5 жылға соза алады. Мұның барлығы сайып келгенде әскери қызметшілердің әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын, қызмет өтілімін жетілдіруге бағытталған. ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті депутаттарының басты міндеті – заңдар арқылы әскери қызметшілердің өмірін жақсарту. Әрине, барлығы бірден жақсарып кетпейді. Солай дегенмен де, әскери қызметшілерді алаңдататын мәселелерді зерттеп, зерделеп лайықты заңдар қабылдау арқылы олардың жағдайын жақсарта білу. Бір ғана мысал «Ардагерлер туралы» Заңды алатын болсақ, көптеген қордалаған мәселелерді шешті. Болашақта тағы да өзгертулер енгізілуі мүмкін. Қазірдің өзінде көптеген ардагердің мәселесі оң шешілді. Сол секілді жоғарыда айтып өткен Заңдардың барлығы үлкен жұмыстардың нәтижесі. Ең бастысы, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттілігін нығайту. Ол үшін заман талаптарына сәйкес келетін, әр тұрғыдан сарапталған заңдарды қабылдаған жөн. Осы жолда біздің ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіміз еңбек ететін болады.
- Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
- Сізге де рахмет!
Сұхбаттасқан
майор Дарын СЕЙІТОВ