Бүгін өртенген үйден үш газ балонды алып шыққан ұландықтарды Ұлттық ұланның елордалық 5573 әскери бөлімінде құрметтеп, лайықты марапаттар тапсырды.
Еске түсіріп өтсек, 6 наурызда құрамында әскери жасақ бастығы Арман Бақдәулетов, патрульшілер Ерген Өмірзақ пен Нұрбек Ораз бар Ұлттық ұлан патрулі бір әйелдің көмек сұраған дауысын естиді. Сол сәтте жедел оқиға орнына аттанған ұландықтар Балқантау көшесінде өртенген үйді көреді. Уақытты жоғалтпаған әскери жасақ өрт орның қоршауға алып, 101 нөміріне хабарласып, өрт сөндіруге кіріседі.
Арада бес минут өтпей жатып оқиға орнына әскери жасақ бойынша кезекші капитан Жеңіс Құрамысов келіп, қаруластарына өртенген үйден үш газ баллонды алып шығуға көмектесмеді. Жарты сағаттан кейін келген өрт сөндіруші экипаж әскерилермен бірге үйдің өртенуін тоқтатады.
- Әскери қызметшілердің ерлігі шын мәнінде өзгелерге үлгі. Төтенше оқиға орнынан уақытылы табылған олар жағдайды дер кезінде бағамдап, уақытылы көмек көрсетті. Өртенген үйден газ баллондарын алып шықты. Жауынгерлердің ата-аналарына лайықты тәрбие бергені үшін алғыс айтамын. Ұландықтардың басты мақсаты – ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алдағы уақытта да әскери бөлімнің жауынгерлері қойылған барлық міндеттерді абыроймен орындайды деп ойлаймын, - деді 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Сәкентай Шекарбеков.
Адам өмірін құтқаруда көрсеткен қырағылықтары, жоғары кәсібиліктері ержүрек және батыл әрекеттері үшін жауынгерлер Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» кеуде белгісімен және әскери бөлім командирінің құқығымен грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Құрметтеу кешіне өрт шалған үйдің иесі Элмира Хамитова да ұландықтарға алғысын айту үшін арнайы келіпті. Оның айтуынша, сол бір кеште ол жұмыста болыпты. Оған қызы телефон соғып, үйдің өртеніп жатқаның хабарлаған. Үстіне су құйғандай әсермен ол үйіне қалай жеткенінде білмей қалған. Өйткені үйде он жасар баласы мен күйеуі болған.
- Мен сарбаздарға сол кезде қасымнан табылғандарына алғысымды айтамын. Олар ештеңе айтпастан тез арада үйді сөндіруге кірісті. Олардың игі ойлары мен жауапкершіліктері ошағымды аман алып қалды. Өзім көп балалы анамын, бұл үй жолдасым екеуміздің 30 жылдық еңбегіміздің жемісі. Санаулы сәтте-ақ біз ештенесіз қалар едік. Мен Ұлттық ұлан басшылығына еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелегендері үшін алғысымды білдіремін. Осындай азамататрдың арқасында елімізде біздің тыныштығымыз бен қауіпсіздігіміз тұрақталып тұр, – деп көз жасын жасырмаған үй иесі өз алғысын білдірді.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі