Елордалық ұландар бұрын да сотталған ұрыларды ұстады

Елордалық ұландар бұрын да сотталған ұрыларды ұстады

8 наурыз күні сағат 18.45 кезінде, Бейбітшілік көшесінде қоғамдық тәртіпті күзетіп келе жатқан Ұлттық ұлан әскери жасағы қолында әйелдер әмияны бар ер адамды байқайды.

Жасақ бастығы қатардағы Азамат Нұрланұлы қасына патрульші жауынгерлер Жайдар Дәулет пен Азамат Әділғазиновті ертіп әлгі азаматқа бағытталады. Әскерилердің өзіне қарай келе жатқанын көрген ол қаша жөнеледі. Ұландықтар дереу «Камила» атты қызметтік итті күдіктінің ізіне салып, өздері де соңынан жүгіріп қашқынды қолға түсіреді. Ол бұрын-соңды да ұрлықпен сотты болған 1993 жылғы жігіт екен. 

Қашуының себебін анықтау мақсатында сарбаздар күдіктіні Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасына жеткізеді. Сол жерде әмиян иесі оны танып, ұрлығын растайды.

Осы күні кешкі сағат 21.10 шамасында 5573 әскери бөлімінің тағы бір жасағы көше тәртібін қадағалау барысында мас адамды көреді. Жасақ құрамындағы Абай Құлмахамбетов, Әділет Кеңесханов және Медет Қойшиев көшені басына көтеріп, айналасын балағаттап, көпшіліктің назарын өзіне аударған еркекті тоқтатады.

Қоғамдық тәртіпті бұзған бұл азаматтың да бұған дейін ұялы телефон ұрлағаны үшін іздеуде жүргені белгілі болды. Ұрланған телефон Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесінде тәркіленді.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі