Ұлттық ұлан спортшысы дзюдодан ел чемпионатында жүлдегер атанды

Ұлттық ұлан спортшысы дзюдодан ел чемпионатында жүлдегер атанды

Атырау қаласында ерлер мен әйелдер арасында дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталмыш додаға еліміздің 20 облысынан және республикалық маңызы бар қалалардан 500-ге жуық спортшы қатысты.

Елордалық спортшылар құрамына 5573 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальонының әскери қызметшісі қатардағы Ержан Ерқайыпов өнер көрсетті. Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күресті. Ержан 5 жекпе-жек өткізіп, тек жартылай финалда қыңыр күресте қызылордалық Бауыржан Жауынтаевқа ғана есеп жіберді. Ол осылайша чемпионаттың қола жүлдесін иеленді. Осы салмақта Атырау облысынан бақ сынаған Қанат Сейілхан ақтық сында маңғыстаулық Мерей Марханбетовты жеңіп, чемпион атанды.

Жалпы, жеке жарыс қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының татами шеберлері жеке есепте 3 алтын және 1 қола медаль иеленді. Атырау облысының дзюдошылары екінші орынға ие болды – олардың қоржынына 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль түсті. Ал Алматы қаласының командасы 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен жүлдегерлер үштігін жапты.

Сондай-ақ, Халықаралық дзюдо федерациясының ережелеріне сәйкес, спортшылар 6 салмақ дәрежесінде күрескен аралас командалық жарыстарда белдесті. Аралас командалық чемпионатқа барлығы 18 команда қатысты.

Нәтижесінде Жетісу облысының командасы ақтық кезеңде Маңғыстау облысының құрамасын 4:3 есебімен жеңіп, чемпион тұғырына көтерілді. Маңғыстаулық дзюдошылар күміс жүлдегер атанса, Атырау мен Алматы облыстарының татами шеберлері қола медальді өзара бөлісті.

Айта кету керек, жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшылар жаңа маусымда елдің ұлттық құрамасының құрамына кіреді.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі