
22 қараша күні сағат 19.50 шамасында, Астана қаласының қоғамдық тәртібін қамтамасыз ету қызметін атқару кезінде Ұлттық ұланға қарасты 5573 әскери бөлімінің сарбаздары қараусыз қалған гараждарға қарай бет алған жастарды байқады.
Бұл істерінен күдіктенген патрульдік топтың бастығы сержант Алмаз Қалымтай қарамағындағы жауынгерлер Санжар Дәкенов пен Әлібек Динасиловты ертіп, олардың соңына түседі.
Әрекеттерін одан әрі бақылау барысында әскери жасақ әлгі жастардың жасыл түсті ұнтақталған өсімдік тектес затты қолданғандарын көреді.
Азаматтар құрықталып, оқиға орнына полиция қызметкерлерінің арасынан жедел-тергеу тобы шақырылды. Ұсталғандар ҚР Қылмыстық кодексі 296-бабының 2-бөлігіне сәйкес, елорданың «Алматы» аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі