
Ұлттық ұлан сарбаздары туған өлкелеріне аттанды. 5518 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өткерген 100-ден астам сарбаз салтанатты түрде бөлімнің Жауынгерлік Туымен қоштасты.
Алматы және Ақмола облыстарынан шақырылған жас Отан қорғаушылар бір жыл бойы Өскемен қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, әскери мамандықтарға ие болды. Азаматтық парызы мен жауынгерлік міндетін атқарған сарбаздардың ата-аналарына грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Адал қызметімен ерекшеленіп, үздік атанғандарға әскери атақтар беріліп, біршамасы “Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін" төсбелгілерімен марапатталды.
- Осы бір жыл ішінде мен әскердің сарқырама іспетті екенін түсіндім. Егер сіз суға бір енсеңіз, кері кетуге, бастауға шегінуге жол жоқ. Бұрқыраған ағыспен толассыз тіршілікке түсесіз. Осы лекте қай бағытқа жүзу керегін шешетін — өзіңіз ғана! - дейді қатардағы жауынгер Дамир Оспанов.
5518 әскери бөлімінің командирі полковник Бақытжан Құлбаев 2021 жылдың күзінде шақырылған осы буын сарбаздарының жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық пәндері бойынша жақсы нәтижелер көрсеткенін атап өтті.
- Қызметін жалғастырып қалған барша сарбаздарға сәттілік тілеймін. Бізден кейін келетін жас шақырылымға “Лайықты қызмет етіңдер!” дегім келеді. Елімізде соғыс болмасын, әскеріміз тек бейбіт күнде сыналсын! - деді үздіктердің бірі қатардағы жауынгер Дамир Сарбасов.
Айта кету керек, қызметін сәтті аяқтаған сарбаздардың арасында бөлім қолбасшылығының ұсынысы бойынша келісімшарт негізіндегі әскери қызметші ретінде қалып, Ұлттық ұланда қызмет етуді жалғастыруға шешім қабылдағандар бар. Олар бір айлық демалыстан кейін, көп ұзамай әскери қызметтерінп кірісетін болады.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі