Ұлттық ұлан әскери жасағы жоғалған қызды 10 минутта тапты

Ұлттық ұлан әскери жасағы жоғалған қызды 10 минутта тапты

28 ақпан күні кешкісін Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқару кезінде ұландық жауынгерлерге азаматша Ж.Битенова көмек сұрап келеді. Оның айтуынша, ол күн сайын қызын мектептен күтіп алады екен. Телефоны бұзылып қалғандықтан, бұл жолы қызы құрбысының телефонынан анасына қоңырау шалып, мектептен шыққанын айтады. Алайда, 11 жастағы Камила анасы айтқан жерді дұрыс естімегендіктен немесе дұрыс білмегендіктен болса керек, белгіленген нүктеге келмей қалады. Содан ата-анасы сары уайымға салынып, әкесі екеуі екі жақтап өз күштерімен іздей бастайды. Бір сағаттан аса шарқ ұрып, сауда орталықтары мен мектеп маңайын шарлап шығады. Нәтиже шықпаған соң, азаматша Ж.Битенова 102 нөміріне хабарласады. Сондай-ақ, сол маңда жүрген Ұлттық ұлан әскери жасағынан көмек сұрайды.

Жедел құрама жасағының құрамындағы К.Рымбеков, Б.Қалабаев және Б.Әлмахан мән-жайды дереу патрульдік топ бастығына баяндап, көрші бағыттағы әскери жасақтарға да шұғыл ақпарат таратады. Ұландықтардың жедел әрекеттері мен іздестіру шаралары нәтижесінде, Камила 10 минут ішінде табылып, ата-анасымен аман-сау қауышты.

Оқушының анасы дер кезінде көмекке келген әскери қызметшілерге шексіз алғысын білдірді.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі