
11 қараша күні Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінің сарбаздары Петропавл қаласының қоғамдық тәртібін қадағалау қызметін атқару кезінде қырағылық танытты.
Сағат 20.30 шамасында әскери қызметшілерге "Глобус" сауда үйінен 14 дана сымсыз құлаққап ұрланғаны туралы шұғыл хабарлама келіп түсті.
Ақпаратта айтылған бағдар бойынша әскери жасақтар ұрлық орын алған аудандарды барлауға кіріседі. Іздеу шаралары кезінде олар сипаттамаға сәйкес келетін ер адамды байқайды. Ол әскерилерді көргенде қаша бастаған. Жауынгерлер қызметтік итті пайдаланып, нәтижесінде күдікті ұсталды.
- "Глобус" сауда-сауық орталығының маңында ұрының бет алған бағыты туралы ақпарат алып, бұрыш-бұрышты тінти бастадық. Бірнеше құлаққап ұрлаған адам бізді байқай салысымен, жасырынуға тырысты. Бірақ "Диг" атты қызметтік иттің көмегімен күдіктіні қолға түсірдік, - дейді әскери жасақ бастығы кіші сержант Санат Өсербаев.
Тәртіп бұзушы Петропавл қаласының жедел-тергеу тобына берілді. Оның үстінен “Бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау" бабы бойынша тергеу жүргізілуде.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі