Ұлттық ұлан әскери полициясының офицерлері практикалық даярлаудан өтті

Ұлттық ұлан әскери полициясының офицерлері  практикалық даярлаудан өтті

Ағымдағы жылдың 1-3 қараша аралығында Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің базасында анықтау және алдын алу желісі бойынша әскери полицияның офицерлік құрамымен оқу-әдістемелік жиын өтті.

Жиынға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Әскери полиция басқармасының бастығы полковник Қуат Томашинов жетекшілік етті, ал негізгі ұйымдастыру жұмыстарын анықтау және алдын алу бөлімінің бастығы полковник Рустам Манкиев пен бөлімнің аға офицері подполковник Асхат Балтабаев жүргізді.

Жиын барысында сотқа дейінгі тергеп-тексерулер кезіндегі өзгерістер, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің электрондық сот ісін жүргізу шеңберіндегі ерекшеліктері, қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделіне кезең-кезеңімен көшу және жекелеген тергеу әрекеттерінің ерекшеліктері қарастырылды. Сонымен қатар, әскери қызметшілермен күнделікті өмірде орындайтын арнайы міндеттер бойынша практикалық сабақтар өткізілді. Аталған бағыттар аясында дәріс өткізу және сынақ қабылдау үшін ҚР ІІМ Қарағанды заң академиясының оқытушылары шақырылды. Одан бөлек, жиынға Дін басқармасының өкілдері мен полиция қызметкерлері де қатысты.

Теориялық сабақтарды бекіту мақсатында жиынға қатысушылар ІІМ Қарағанды заң академиясына барып, тәжірибеде Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестрінің ақпараттық жүйесінде электрондық форматта іс жүргізудің тәртібі мен ерекшеліктерін зерделеді. Болашақта Ұлттық ұлан әскери полиция офицерлерінің Академия базасында сотқа дейінгі тергеу бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтуі жоспарлануда.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің Әскери басқармасы ұсынып отырған «Әскери талдамалық ахуалдық орталық» пилоттық жобасын таныстыру мақсатында аталмыш басқарманың бөлім бастығы әділет кеңесшісі Е. Мұсабеков Астанадан арнайы келіпжиын қатысушыларына жоба бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді және ақпараттық жүйемен жұмыс істеуге қатысты сұрақтарға жауап берді.

Діни экстремизм мен терроризм идеяларының Ұлттық ұлан қатарына енуіне жол бермеудің өзектілігін ескере отырып, Қарағанды облысы Дін істері басқармасы жанындағы «Қарағанды облысының конфессияаралық қатынастар проблемаларын зерделеу және талдау орталығының» ақпараттық-түсіндіру жұмысы, талдау және қарсы насихаттау жұмысы бөлімінің басшысы Г. Далабаева, теолог А. Ерғазы және психолог, заң ғылымдарының кандидаты Л. Аренова әскерилермен дәріс өткізді. Олар Ұлттық ұланға діни экстремизм мен терроризм идеяларының енуіне жол бермеу бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу тәжірибелерімен бөлісті

Жиын аясында Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының мамандарымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда құқық бұзушылықтардың алдын алу және өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Іс-шара соңында полковник Қуат Томашинов қызметте оң көрсеткіштерге ие болған әскери полиция офицерлерін атап өтті. Сондай-ақ, Ұлттық ұлан қатарында кәсіби деңгейін арттыруға, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді жүктеді

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі