Тоқаев Ұлы Отан соғысы ардагеріне хат жолдады

Тоқаев Ұлы Отан соғысы ардагеріне хат жолдады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагеріне хат жолдады.

5 ақпанда Ұлттық ұланның жауынгерлері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған "Біз - Жеңістің мұрагеріміз!" тағзым эстафетасы аясында әйгілі Панфилов дивизиясының жауынгері, Алматы қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырлы Жонқабаевтың үйінің ауласында салтанатты шеру ұйымдастырған болатын. 

Ардагерді келе жатқан Жеңіс мерекесімен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов және қазақстандық ІІО мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков құттықтап, оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Сондай-ақ осы іс-шараға Алматы қаласының әкімдігі мен Алматы қалалық "Нұр Отан" партиясының филиалы да зор қолдау көрсеткені айтылады.

Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері болып алынды.  

Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болған,   Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болған, Белоруссия, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан.   1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланған, жеңісті Дрезденде қарсы алды.  

Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Әрі қарай аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық лауазымдарында болған. 1970-1983 жылдары Алматыдағы общепит жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болды. 1983 жылы құрмет демалысына шықты, бес бала тәрбиелеп өсірді, немере-шөберелері өсіп келеді.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін "Қызыл Жұлдыз", және ІІ дәрежелі "Отан соғысының" орденімен, "Ерлігі үшін", "Мәскеуді қорғағаны үшін" медальдарымен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.

Ардагер Қайырлы Уатайұлы өзіне көрсетілген құрметке қатты риза болып, батасын берді. Ұландықтардыңқұрметінен кейін майдангер қарт көп уақытқа дейін толқып,қуанышты болып жүрді. Ардагербалаларына айтып отырып, риза көңілмен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс хат жолдады.

Көп кешікпей мемлекет басшысынан жауап та келді. Ардагерге арналған хат  Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына келіп түскендіктен, бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев бастаған әскерилер және Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қалалық "Жас Отан" жастар қанаты өкілдері Қайырлы Уатайұлының үйіне барып, ел Президентінің хатын табыс етті.

Мемлекет басшысының ардагерге жазған хатын полковник Ниязтай Әлкешев дауыстап оқып берді.