
Ақтөбе қаласында дәстүрлң «Жұбановтар әуені-2022» халықаралық хор музыкасы фестивалі өтті. Фестивальда барлығы 17 өнер ұжымы бақ сынады, оның 16-сы еліміздің түрлі өңірінен жиналған, сондай-ақ Татарстан елінен арнайы келіп қатысқандар болды. Қазылар алқасы құрамында Беларусь, Украина, Туркия елдерінің және Қазақстан Республикасы Атырау, Ақтөбе және Алматы қаласының хор өнері майталмандары, нағыз кәсіби дирижерлар болды.
Аталмыш байқауда алғаш рет өнер көрсеткен Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің Ерлер хоры бірнеше кезеңнен сәтті өтіп, Бас жүлдеге ие болды.
Бас жүлдемен бірге жеңімпаз ұжымға 700 000 теңге көлемінде сертификат берілді. Бұдан бөлек, Ұлттық ұлан Ерлер хорының жетекшісі Бауыржан Алтынбеков аталмыш фестивальдің “Үздік солист” номинациясына лайық деп танылып, оған арнайы Диплом мен 50 000 теңге көлемінде сыйақы тағайындалды.
- Фестивальда әр ұжым бес шығармадан орындады. Біздің репертуарымызда Ғ. Жұбанованың «Елім айы», «Туған жер», «Конь», «Когда мы были на войне» әндері және Абай әндеріне попурри болды. Ерлер хорының биік белестерді бағындырарына сенемін дейді, - Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің бастығы әрі көркемдік жетекшісі Алпамыс Асылбекұлы.
Марапаттау сәтінде қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан және Кеңес Одағының дирижері, хормейстер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Жаманбаев Базарғали Әжиұлы әскер хористері жайлы көптеген жылы сөздер, жақсы пікірлер білдірді.
- Өз саламызда өтетін бұл байқаудың бас жүлдесін иелену - еліміздегі ең кәсіби хор ұжымы атағын ресми иемдену деген сөз. Мұндай жүлдені осындай аңыз адамның қолынан алу - біз үшін үлкен абырой, құрмет болды, - дейді Хор жетекшісі Бауыржан Алтынбеков.
ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі