Елордалық командир Жауынгерлік тумен қоштасты

Елордалық командир Жауынгерлік тумен қоштасты

15 қазанда Ұлттық ұланның Астана қаласында орналасқан 6636 әскери бөлімінің командирі полковник Дмитрий Бастерді шығарып салуға арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараға әскери бөлімнің ардагерлері мен жеке құрамы, 3656 және 5573 әскери бөлімдерінің қолбасшылығы, Байқоңыр ауданы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ офицердің жақындары қатысты.

Осы бөлімнің жаңа тағайындалған командирі подполковник Буан Буранбаев салтанатты кештің полковник Дмитрий Бастерге арналғанын және оның әскери бөлімнің дамуына зор үлес қосқанын атап өтті.

Бөлім ардагерлері мен әскери қызметшілері, кеш қонақтары салтанатты жағдайда Дмитрий Анатольевичтің офицерлік жолын еске алды.

Ол Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғары әскери училищесін бітіргеннен кейін Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінде взвод, рота, батальон командирі, жауынгерлік даярлық бөлімшесінің бастығы және бөлім командирінің орынбасары лауазымдарынан өтті. 2016 жылы Дмиртий Бастер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушысы болып магистратураға оқуға түседі. Оны үздік ақтаған соң, 6636 әскери бөлімінің штаб бастығы болып тағайындалды. Сондай-ақ, 2022 жылдың 15 маусымында қызметтегі үздік көрсеткіштері үшін Ішкі істер министрінің бұйрығымен подполковник Д.Бастерге мерзімінен бұрын «полковник» әскери атағы берілді.

- Сізге және жақындарыңызға шын жүректен мықты денсаулық тілегім келеді. 3656 әскери бөлімі авиациялық базасының командирі жоғары лауазымына тағайындалуыңызбен құттықтап, барлық бастамаларыңызға сәттілік серік болсын деймін! Отанымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын! - деді құттықтау сөзінде подполковник Буан Буранбаев.

- Дмитрий Анатольевич командирге тән барлық ерекше қасиеттер – жоғары интеллект, темірдей тәртіп, адалдық пен әділеттілік қасиеттеріне ие. Дәл осы қасиеттер офицерлерге тән болуы керек, өйткені офицер – батырлық иесі, жауапты мамандық. Сізге жаңа қызмет орнында абырой, отбасыңызға амандық тілеймін, - деді бөлім ардагері запастағы полковник Тәуіржан Қанафин.

Өз кезегінде полковник Дмитрий Бастер де әскери бөлім қолбасшылығына және қонақтарға ақжолтай тілектері үшін, бірге қызмет еткен жылдары үшін алғыс айтып, сәттілік тіледі.

Алғыс сөздерінен кейін полковник Д. Бастер жауынгерлік рәсімге сай, әскери бөлімнің Жауынгерлік туымен қоштасты. Шығарып салу кешу білікті офицердің құрметіне бағытталған жеке құрамның салтанатты шеруімен аяқталды.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі