
14 қазан күні Қарағандыда ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жұмыс сапарымен Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6505 әскери бөліміне барды.
Халық қалаулылары қатарында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Сергей Ершов пен Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт бар.
Сапардың негізгі мақсаты – әскери бөлімде «Өміріңді сақта» бағдарламасын іске асыру, әскери қызметшілерімен және олардың тұрмысымен, әскери бөлімдегі жағдаймен танысу болды.
Депутаттар сапар барысында 6505 әскери бөлімінің қолбасшылығымен және жеке құрамымен кездесті. Қонақтар бөлімнің қызметтік-жауынгерлік қызметімен, құқықтық тәртіп жауынгерлерінің қызмет ету және тұрмыс жағдайларымен танысты. Тұрмыстық үй-жайлар мен емдеу кабинеттері бар лазаретті аралады. Сонымен қатар, қонақтарға әскери техника, атыс қаруы және жеке құрам жабдықтарының үлгілері көрсетілді.
Кездесу соңында халық қалаулылары әскери бөлімнің Жауынгерлік Даңқ бөлмесіне барып, жауынгерлік қызмет тарихымен танысып, құрметті қонақтар кітабына естелік жазбалар қалдырды.
Ұлттық ұлан «Орталық» ӨңҚ баспасөз қызметі