Үздік офицерлер анықталды

Үздік офицерлер анықталды

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдері офицерлерінің арасында «Үздік батальон командирі», «Батальонның үздік штаб бастығы», «Батальон командирінің үздік тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары», «Үздік рота командирі», «Рота командирінің үздік тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары», «Үздік взвод командирі» байқау-сайысы өтті.

- Байқаудың мақсаты – әскери қызметтің мәртебесін көтеру, офицерлерді ынталандыру және олардың кәсіби шеберліктерін одан әрі қарай жетілдіру, озық тәжірибелерді тарату, батальон, рота буынындағы офицерлерден кадрлық резерв құру. Байқауға келген барлық офицерлер тексерілген пәндер бойынша жоғары дайындықтарын көрсетті. Жеңімпаздар алдағы уақытта қызмет баспалдағымен жоғары лауазымға тағайындалуға үміткерлер қатарына қосылады, - дейді Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Константин Қуатов.

Ұйымдастырылған сайысқа «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдеріндегі 1 кезең іріктеуінен өткен 32 офицер қатысып, бақтарын сынады.

Байқауға қатысқан офицерлердің қызметтік-жауынгерлік жұмысты ұйымдастыру, бөліністерді басқару талаптары, жалпы әскери жарғылар, бөлініс шаруашылығын ұйымдастыру бойынша білімдері тексеріліп және олардың табельдік қарудан ату машығы, күш пен ептілікті және төзімділікті анықтайтын дене даярлығы сынаққа түсті.

Айта кететін жайт, осындай байқаудың офицерлерге беретін тағы бір мүмкіндігі – аталған сайыстан «үздік» танылған офицерлер Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында өтетін сайысқа қатысып, одан да үздік танылған жағдайда, алдағы қызметінде жоғары лауазымдарға тағайындалуына септігін тигізеді.

Байқау-сайыстың қорытындысы бойынша төмендегі офицерлер өз лауазымдарының үздіктері атанды:

«Үздік батальон командирі» номинациясы бойынша: 5547 әскери бөлімінен майора Талғат Аязбаев (Қызылорда қаласы);

«Батальонның үздік штаб бастығы» номинациясы бойынша: 6506 әскери бөлімінен майор Ұланбек Әбдіқалиев (Шымкент қаласы);

«Батальон командирінің үздік тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары» номинациясы бойынша: 5571 әскери бөлімінен капитан Жасұлан Ержанов (Алматы қаласы);

«Үздік рота командирі» номинациясы бойынша: 5514 әскери бөлімінен капитан Алишер Есмағзамов (Талдықорған қаласы);

«Рота командирінің үздік тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары» номинациясы бойынша: 6698 әскери бөлімінен капитан Азамат Тасболатов (Шымкент қаласы);

«Үздік взвод командирі» номинациясы бойынша: 5514 әскери бөлімінен капитан Қабдешұлы Жүрсін (Талдықорған қаласы).

Үш күнге созылған сайыстың қорытындысы бойынша «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Константин Қуатов жеңімпаздарды марапаттап, қызметтеріне табыс тіледі. Рота, батальон буынындағы офицерлердің әскер болашағы екендігін ескертіп, оларға зор үміт артатынын айтып өтті.

ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі