
Қызмет атқары барысында ерлікпен қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлеріне арнап Ақмола облыстық Полиция департаменті ауласында орнатылған ескерткіштің қасында салтанатты жиын өтті.
Бүгін аталмыш ескерткішке жиналған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері бір минут үнсіздікпен марқұм болған қаруластарының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының орынбасары полковник Қайрат Үмбетов пен Ақмола облысы полиция Департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Думан Таев бастаған топ бейбіт күннің тыныштығы жолында жанын құрбан еткен сақшылардың ерліктерін еске алды.
— Көкшетау қаласына келген Ақпараттық-насихаттық топ кешеден бері жеке құрамның жауынгерлік рухын көтеруге бағытталған кешенді шаралар өткізіп жатыр. Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бастамасымен өткізіліп жатқан бұл шаралардың құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлер үшін маңызы өте зор. Үнемі қызметте жүретін тәртіп сақшылары кеше отбасы-жақындарымен концертке барып, рухани азық алып қайтты. Бүгін міне қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан ққаруластарымызға бірлесіп тағзым етіп жатырмыз. Ел қорғау жолында жүрген жауынгерлердің кәсіби шеберлігі тек бейбіт күнде сыналсын деген тілек білдіремін, - деді облыстық департамент басшысы Думан Ашкенұлы.
Еске алу шарасына құқық қорғау саласының ардагерлері мен көкшетаулық сақшылар, 5510 әскери бөлім басшылығы мен сарбаздары да жиналып, аспанға үш дүркін оқ атылды. Болашақтың баяны үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың есімі ешқашан ұмытылмайды.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі