Сортөбеде ұландық жауынгерлер өрттен 5 азаматты құтқарды

Сортөбеде ұландық жауынгерлер өрттен 5 азаматты құтқарды

Қордай ауданы Сортөбе ауылында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметке шыққан ұландық жауынгерлер өртеніп жатқан үйден бес азаматты, оның ішінде үш баланы алып шықты.

Бүгін таңертен сағат 7. 30- дар шамасында 6654 әскери бөлімінің әскери жасағы ауылдағы үйлердің бірінен түтін шығып жатқанын байқайды.   

Бұл ақпарат тез арада Ұлттық ұланның ұйымдастырылған жедел тобы штабындағы офицерге баяндалады. Жедел штаб өрт шыққан үйге екі өрт сөндіру есебін жедел жібереді. Өрт сөндіру тобы 3 минут ішінде оқиға орнына жетеді. 

Осы уақыт ішінде капитан Ержан Арыстанбеков басқаратын, құрамында қатардағы Ерқанат Базарбай мен Нұрбек Дүйсенбин бар әскери жасақ өртенген үйден бес адамды, оның ішінде үш баланы алып шығады.

Өрт сөндіру есебі келген бетте авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, өртті ауздықтайды. Өрт шығу себебі анықталуда. Адамдар зардап шеккен жоқ.  

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі