ІІМ мен Ұлттық ұлан Қарағанды тұрғындарына Гала-концерт өткізді

ІІМ мен Ұлттық ұлан Қарағанды тұрғындарына Гала-концерт өткізді

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланының Ақпараттық-насихаттық тобы Қарағанды қаласындағы сапары аясында «Достық» мәдениет үйінде концерт берді. 

Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің өнер ұжымы әзірлеген «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» атты алғашқы концерт әскери қызметшілерге тарту етілді. Ал кешкілік уақытта өткен екінші концертті қала тұрғындары, ардагерлер мен студент жастар, полиция қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері тамашалады.

— Республикалық турымыз арқылы Қазақстан халқын бір Тудың астына жиналуына үндеу білдіріп, Президентіміздің игі бастамаларына қолдау таныту. Осындай жауапты сәтте бірлігімізді көрсету, тұтастығымызды сақтау – азаматтық міндетіміз деп ойлаймын. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару арқылы берекемізді арттыруымыз керек. Кешегі өткен дін басшыларының съезінде де парасатты тұлғалар «Жетістіктің бастауы – бірлікте» екенін айтып өтті. Патриоттық шаралар арқылы жастарды зиянды әрекеттерден алшақтатып, оларға Отанды қорғаудың – қасиетті парыз екенін ұғындырғымыз келеді, - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары полковник Қайрат Үмбетов.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Алмапыс Асылбектің жетекшілігімен өткен концертте әскери-патриоттық және ұрпақтар сабақтастығы рухына толы майдан әндері шырқалды. Жиырма жылға жуық тарихы бар өнер ұжымы көпшілік қауымға заманауи эстрадалық және әлем халықтарының әндерін орындаса, хореографиялық топ «Жеңіс», «Домбыра аңызы», «Ұландар» биін ұсынды. 

Қала жұртшылығы сымдай тартылған Құрмет қарауыл ротасы жауынгерлерінің, Ерлер хорының және фольклорлық-этнографиялық топтың өнеріне сүйсінді.

Дәл осындай концерттер енді Теміртау және Жезқазған қалаларында жалғасын табатын болады.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі