
Ақтауда Парламент Мәжілісінің депутаттары: Экономикалық реформа және Өңірлік даму комитетінің мүшесі Самат Мұсабаев пен экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі Еділ Жанбаршин Ұлттық ұланның 6656 әскери бөліміне жұмыс сапарымен барды.
Ел қалаулылары Ұлттық ұланмен өзара іс-қимыл, соңғы заң жобалары бойынша жұмыс және тағы да басқа ауқымды тақырыптарды тілге иек етті. Әскери бөлім командирі полковник Марат Рахпановпен әңгімелесіп, ұландықтардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Бөлім командирі қонақтарды бөлімнің қызметтік-жауынгерлік әрекетімен таныстырып, қаладағы қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға арналған күштер мен құралдардың саны мен көлемі туралы хабардар етті.
Мәжілісмендер ұландық жауынгерлердің қызметі мен тұрмыс жағдайымен танысты, әскери киім-кешекті ұстау және сақтау жағдайларына назар аудара отырып, тұрмыстық үй-жайларды тексерді. Сонымен қатар, қонақтарға әскери форма, техника және қару-жарақ үлгілері ұсынылды.
Сондай-ақ, депутаттар әскери бөлімнің жеке құрамымен кездесіп, құқық қорғау қызметі туралы заңнаманы өзгертудегі негізгі мәселелер бойынша пікір алмасты.
Парламент Мәжілісі комитеттерінің мүшелері әскери бөлімнің жауынгерлік даярлық деңгейін арттыруға байланысты материалдық қамтамасыз ету мәселелерін шешуге қатысуға дайын екендіктерін білдірді.
Өз кезегінде әскери бөлім командирі жеке құрам атынан халық қалаулыларына үлкен ризашылығын білдірді.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі