Қарт майдангерге - құрмет

Қарт майдангерге - құрмет

Ақпанның 5-і күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты Тағзым эстафетасы аясында  әйгілі Панфилов дивизиясының жауынгері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырлы Жонқабаевтың  үйінің ауласында салтанатты шеру ұйымдастырылды. 

Қарт майдангер тұрып жатқан үйдің жанына Ұлттық ұлан сарбаздары Жауынгерлік Тумен, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен сап түзеп өтіп, ерекше ілтипат, құрмет көрсетті.

Жасы тоқсан тоғызға келіп қалған қарияның үйіне арнайы ат басын бұрған ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов пен қазақстандық ІІО мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков Жеңіс мерекесімен құттықтады. ҚР Ішкі істер Министрі мен Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысының атынан сый-сияпат көрсетілді.

Шара барысында әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындап,  майдангердің көңілін бір серпілтіп тастады.

Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері болып алынды.  

Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан екен. 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында мерген, пулеметші, барлаушы болып қызмет атқарған.

- Мен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болдым, Белоруссия, Польша, Эстонияны азат етуге қатыстым. 1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланып, жеңісті Дрезденде қарсы алдым дейді, майдангер.  

Қайырлы ата соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Әрі қарай аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық лауазымдарында болған.   1970 - 1983 ж.ж. Алматыдағы общепит жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болды. 1983 жылы құрмет демалысына шықты, бес бала тәрбиелеп өсірді.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», және ІІ дәрежелі «Отан соғысының» орденімен, «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдарымен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.

- Өзім Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданының тумасымын. Адамзат тарихындағы ең жойқын әрі ауыр қасірет әкелген соғыс – Ұлы Отан соғысының бар ауыртпалығын басымнан кешірдім.

1941 жылдың қазан айында, 20 жасымда майданға аттанып, соғыс аяқталған соң 1946 жылы елге оралдым. Өліммен талай бетпе-бет кездескенімде бір ғана мақсатым болды – ол қайтсе де елге Жеңіспен оралу еді. Ең қиыны – қасымдағы қаруластарымнан айырылу болды. Талай боздақ қолымда қаза болды. Енді адам баласына мұндай қасіретті көрсетпесін, дейді майдангер.

Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі, деп айтқандай, соғыстан аман-есен келуді пешенесіне жазған қария елімізді қайта құруға белсене араласқан. Осы еңбегі үшін 15-тен аса медальмен және белгілермен марапатталған. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың, тағы басқа ел ағаларының атынан алған құттықтау қағаздары бар.

- Соғыстан кейін үйлі-баранды болып, 5 бала тәрбиелеп өсірдім, бүгінгі таңда ұрпағымнан он немере, он үш шөбере сүйіп отырмын. Алланың бергеніне разымын. Міне, бүгінгі таңда 99 жасқа шықтым. Ғасырлық жасыма таяу қалдым. Менің Сіздерге деген алғысым шексіз. Эстафетаның атрибуты ретінде Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В.Панфиловтың атындағы әйгілі 8-ші гвардиялық дивизияның Жауынгерлік туының көшірмесі алыныпты. Соғыста осы дивизияның қатарында болған соң бұл мен үшін ерекше қуаныш болып табылады. Ендігі уақытта ондай зұлмат болмасын. Осындай, маған көрсеткен құрметтеріңізге үлкен алғысымды білдіріп, ақ батамды беремін, деп сөзін аяқтады қария.