Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың төрағалығымен Әскери кеңес өтті.
Кеңеске құқық қорғау ведомствосы орталық аппаратының өкілдері, Бас әскери прокуратура басшылығы, Ұлттық ұланның басшылық құрамы, өңірлік қолбасшылықтарының қолбасшылары, Әскери институт бастыңы және әскери бөлім командирлері қатысты.
Жиынға жетекшілік еткен Ішкі істер министрі құқықтық тәртіп әскерінің 2019 жылы атқарған міндеттерінің қорытындысын жасады.
- Қорыта айтқанда, Ұлттық ұлан жеке құрамы өткен жылға жүктелген міндеттерді толық көлемде орындады. Әскер өзінің негізгі міндеті – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін ойдағыдай атқарды. Одан бөлек, Арыс қаласында тосыннан орын алған алапат жарылыс салдарын жою, қаланы қауіпті заттардан залалсыздандыру кезінде де ұландықтар өмірлерін қауіпке тіге отырып, өздеріне жүктелген міндетті абыройлы атқарып шықты. Қазір де табиғаттың тосын жағдайларымен күресуде халыққа көмек көрсетіп жатыр. Әскердің жеке құрамы еліміздің түрлі өңірлерінде қар құрсауында қалған көліктер мен адамдарды құтқаруға, қоғамдық маңызы бар нысандарды тазартуға жұмылдырылуда. Мұның бәрі Ұлттық ұланның атқарар міндетінің маңыздылығын көрсетеді, - деді министр.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов әскердің жалпы ахуалын мәлімдеп, күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді шешу, әскерді одан әрі дамыту жолындағы міндеттерге тоқталды.
- Ұлттық ұланды дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған бағдарламасында бекітілген нормативтік-құқықтық база әскердің мобильдік-жауынгерлік дайындығын тиісті деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Кәсіби біліктілігі жоғары, жүктелген міндеттерді оңтайлы шешуге қабілетті кадрлар корпусын құру мақсатында әскер жеке құрамы аттестациядан өткізілді, - деді Бас қолбасшы. Руслан Фатихұлы сондай-ақ кеңеске қатысушыларға Ұлттық ұланды дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған бағдарламасын, ондағы әскер құрамы мен құрылымын жетілдіруге бағытталған кезеңдік міндеттерді таныстырды.
Кеңес барысында «Оңтүстік» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшыларының құқықтық тәртіп пен заңдылыққа қатысты есебі, 6656 әскери бөлімі командирінің «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан елі мен халқына қорған!» ұранымен әскердің жеке құрамына жариялаған үндеуі тыңдалды.
Отырыс соңында Ішкі істер министрі барлық санаттағы командирлердің назарын әскердегі жауынгерлік дайындықты арттыруға және құқықтық тәртіптің сақталуын қадағалауға аударды.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі