
Қарағандылық ұландар науқасты аман алып қалды.
21 шілде күні Ұлттық ұланның Қарағанды қаласындағы 5451 әскери бөлімінің сарбаздары қала ішіндегі қоғамдық тәртіпті сақтау барысында, сағат 20.10 шамасында Әлиханов көшесі 40 үй маңында тұншығып жатқан азаматты көреді. Науқасқа бірден алғашқы көмек көрсетуге кіріседі. Оқиға барысында аталмыш азаматтың қояншық (эпилепсия) диагнозымен ауыратыны анықталды.
— Біз қызмет бағытымен келе жатқан едік, кенет жерде аяқ-қолы құрысып жатқан азаматты байқап қалып, жүгіріп бардық. Тілін жұтып қойғандықтан тұншығып жатыр екен, қасымыздан өтіп бара жатқан бейтаныс әйелден тарақ сұрап алып, соның ұшымен тілін бері қарай тартып, шығарып алдық, - дейді әскери жасақ бастығы қатардағы Евгений Волынец.
Ұландықтар оқиға орнына жедел жәрдем шақырып, науқасты дәрігерлердің қарауына тапсырды.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметі