
Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаттары Ұлттық ұланның оңтүстік өңіріндегі әскери бөлімінде болды.
Халық қалаулылары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Капбарова қызметтік іс-сапармен Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне келді. Халық қалаулыларын күтіп алған бөлім командирі полковник Бауыржан Қабылбеков құраманың жауынгерлік қызметімен таныстырды.
Қала тыныштығына жауапты жауынгерлердің тұрмыстық жағдайымен танысқан депутаттарға әскери қалашықтың инфрақұрылымына және ғимараттарының жөндеу жұмыстарына байланысты қордаланған мәселелер жеткізілді. Осы және басқа да әлеуметтік мәселелерді назарға алған халық қалаулылары, алдағы уақытта әскери бөлімнің жауынгерлік даярлығын арттыруға бағытталған материалдық қамтамасыз ету мәселелерін оң шешім табуына ықпал ететіндіктерін айтып өтті.
Сапар барысында қонақтар әскери бөлімнің жауынгерлік техникасы жасақталған паркті аралап, қару-жарақ түрлерімен танысты. Кездесу соңында халық қалаулылары құраманың Жауынгерлік даңқ бөлмесін көріп, жеке құрамының жауынгерлік қызмет жолы тарихымен танысты. Сондай-ақ құрметті қонақтар кітабына естелік жазбаларын қалдырып, жауынгерлерге күнделікті қажырлы қызметтері үшін алғыс білдірді.