
Семей қаласының Мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5511 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Мұхтар Үсеновті құрметтеу кеші өтті.
Салтанатты шараға әскери қызметшінің туыстары, құқық қорғау органдарының жауынгерлері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен бөлім ардагерлері қатысты.
5 қаңтар күні Мұхтар Үсенов 5511 әскери бөлімінің жедел әскери резервінің құрамында болып, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге және Семей қаласы әкімдігінің қорғанысына қатысты. Жаппай тәртіпсіздіктерді тоқтатуға тырысқан әскерилердің 17-сі қоршауда қалып қояды. Мұхтар бірден шиеленіскен топ құрсауынан шығу туралы шешім қабылдайды және сарбаздарды жауынгерлік тәртіпке қайтарады. Осы кезде митингіге шыққан қалың топтан оларға қарай оқ атылып, Мұхтар Үсеновтің оң аяғының 2-ші метатарсальды сүйегіне оқ тиіп, ауыр жарақат алған. Алайда ол ашық оқ жарақатына қарамастан, өзіне сеніп тапсырылған сарбаздарды жалғыз қалдырмай, қауіпсіз жерге алып шығудың жолын табады. Және тікелей қауіпке қарамастан, қарамағындағы ұландықтарды қайтадан шепке қояды.
— Ұлттық ұлан қатарында Мұхтар Айқынұлы Үсенов сияқты өз нағыз патриот, елі мен антына адал, батыл жауынгер қызмет ететінін мақтан тұтамыз. От пен оқтың ортасында тұрғанына қарамастан, әлсіреп, қансырап қиналса да ер азаматқа тән шыдамдық пен қайсарлық танытты. Соңына дейін сапқа тұрып, әскери қызметшінің, өзінің қол астындағылардың ар – намысын, қадір-қасиетін, ең бастысы — еліміздің тұтастығы мен егемендігін қорғады, - деді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Берік Тоқтаров.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұхтар Үсенов мемлекеттік награда – III дәрежелі "Айбын" орденімен наградталды. Ақордада өткен рәсімде жоғары марапатты ұландық жауынгерге Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі табыс етті.