Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтті

Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтті

Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтті.

30 жыл бұрын - 1992 жылғы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа рәміздердің туған күні ретінде мәңгі қалды. Мемлекеттік рәміздер — мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі.

Дәстүрлі түрде іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Ту көтеру құқығы Ақтөбедегі қаңтар оқиғасы кезінде наразылық білдірушілердің арандатуына мойынсұнбаған 6655 әскери бөлімінің әскери қызметкері лейтенант Ұлан Мырзабайға бұйырды. Сондай-ақ, бұл күні офицер елордадағы патриоттар форумында «Ерекше азаматтық ерлігі үшін» номинациясымен марапатталды.

Тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы полковник Әлішер Әбдірәсіл Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке құрамына арнап сөз сөйледі:

— Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеудің басты мақсаты — қазақстандық патриотизм идеясын түсіндіру, Қазақстанның жетістіктері үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, жас ұрпақты Тәуелсіздік рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу. Әрбір  азамат өз елінің патриоты болуға, өз Отанын, өз халқын сүюге және оларды мақтан тұтуға тиіс. Бұл үлкен күш! Егер әрқайсымыз өз еліміздің патриоты болып, Отанымызға шын жүректен риясыз қызмет етсек, біздің мемлекетіміз гүлденіп, ұрпағымыз рухты болады, - деп атап өтті Әлішер Нұриддінұлы.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі