
Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған салтанатты рәсімге қатысты. Бас шаһардағы «Атамекен» мемориалдық кешенінің жанында орналасқан алаңда ол еліміздің жоғары әскери мекемелерінің үздік түлектеріне офицерлік погондар табыстады.
Президент көпшілікті Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, оның мемлекетіміз үшін ерекше маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің негізгі құндылықтарын құрметтеу әрқайсымыздың парызымыз екенін және оларға немқұрайлы немесе дөрекі қарау фактілерін тоқтату қажеттілігін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел Туын салтанатты түрде көтеру рәсімі аясында үздік курсанттарға офицерлік атақ беру дәстүрге айналғанын еске салды.
— Сіздер Қарулы Күштеріміздің 30 жылдығында офицер атанып отырсыздар. Бұл — үлкен қуаныш әрі үлкен жауапкершілік. Сондықтан осы құрметке лайық және басқаларға үлгі болуларыңыз керек. Отанымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Тәуелсіздік туын биік көтеру — әрбір жауынгердің құрметті міндеті. Ерлік патриоттық сезімнен басталады. Сіздердің халық үмітін ақтайтындарыңызға сенімдімін. Сондай-ақ алғашқы офицерлік әскери шен алуларыңызбен құттықтаймын! Халқымызға бейбітшілік пен амандық тілеймін! Біздің көк Туымыз әрқашан биікте болсын! - деді Қ. Тоқаев жоғары оқу орындарының курсанттарына арнаған сөзінде.
Погон тапсыру рәсімі барысында Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы қолынан әскери жоғары оқу орындарының 12 үздік түлегі офицерлік погон алды. Погон алғандардың қатарында Ұлттық ұлан Академиясының түлектері – лейтенант Бейбіт Қазытай, Данила Горбуль, Ренат Хайруллин және Сергей Махиня бар.
— Мен Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу кезінде еліміздің Президентінен салтанатты жағдайда алғашқы әскери шен алуды мақтан тұтамын. Әскери қызметтің барлық қиындықтарына қарамастан офицердің атын жоғары көтеріп, өз Отаныма адал қызмет етуге сендіремін, - деді жас лейтенант Бейбіт Қазытай.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі