Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде жаңа оқу кезеңі басталды

Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде жаңа оқу кезеңі басталды

Бүгін Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде қысқы оқу кезеңі басталды. Құқықтық тәртіп әскерінің құрамалары, әскери бөлімдері мен өңірлік қолбасшылықтарының әскери қалашықтары аумағында оқу-профилактикалық шаралар  кешені ұйымдастырылып, салтанатты митингтер өткізілді. Ал Елордадағы жаңа оқу жылының ашылуы Үркер шағынауданында орналасқан 5573 әскери бөлімінде өтті.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов әскердің орталық аппараты жеке құрамымен «Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы мемлекеттің ішкі және сыртқа саясаты, Қазақстан азаматтары бақуаттылығының өсуі туралы» тақырыбында алғашқы сабақты өткізді. Сабақ барысында әскер басшысы офицерлік құрамға жаңа жылдағы қызметтік-жауынгерлік қызметке қатысты бірқатар міндеттерді жүктеді.

2020 жылда Ұлттық ұланның жауынгерлік және мобильдік дайындығын арттырудағы негізгі міндеті – төтенше және дағдарысты жағдайларда қойылатын міндеттерді табысты орындауға әзірлігі. Сондай-ақ барлық санаттағы әскери қызметшілердің дайындығын, бөліністердің, әскери бөлімдер мен басқару органдарының үйлесімділігін одан әрі жетілдіруді де ұмытпауымыз керек. Біз құқықтық тәртіп әскерін жедел-стратегиялық басқарудың орталық аппараты ретінде бізге жүктелген барлық міндеттердің орындалуын қадағалауға тиіспіз, - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы.

Жауынгерлік дайындық әскердің негізгі қызметі болып табылады. Бүгінгі таңда Ұлттық ұланның бөлімшелеріне ел ішіндегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша маңызды тапсырмалар жүктелген. Алайда, оларды орындау жоғары кәсіби дайындық, әскери шеберлік пен жаттығуларсыз мүмкін емес. Сол себепті жаңа оқу кезеңі әр әскери қызметші үшін өзінің кәсіби білімі мен дағдыларын жетілдіруге айтарлықтай ықпал етеді.

Жыл бойы Ұлттық ұлан әскери қызметшілері саптық, тактикалық және дене дайындығы, ату бойынша нормативтерді орындап, кәсіби-қызметтік және мемлекеттік-құқықтық дайындық, жалпы әскери жарғы бойынша білімдірін жетілдіруді жалғастырады. 

2019 жылы Ұлттық ұланда 4600-ден астам командирлік және жауынгерлік дайындық үздіктері дайындалды.  Олардың ішінде  384 офицер, 354 сержант, 1132 келісімшарт негізіндегі  әскери қызметші, 2609 сарбаз, 3256 спортшы-разрядшы, 2260 әскери-спорттық кешені белгісінің иесі, 27 үздік рота и 136 үздік взвод бар.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі