
28 мамыр күні Алматы облысы Қаракемер кентінде орын тепкен Ұлттық ұланның 6654 әскери бөліміне 1-2022 жылғы шақырылымның жас сарбаздары келді.
Шақырушыларды әскери бөлімнің саптық алаңында әскери оркестрмен қарсы алды. Жастар Отан алдындағы парызын өтеу Түркістан және Қарағанды облыстарынан шақырылды. Саптық алаңда шақырушылар қару-жарақ және әскери киім үлгілерімен танысты. Кейін әскери бөлім клубында жас өреңдермен әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқық жұмыстары жөніндегі орынбасары, «Айбын» орденінің иегері подполковник Жандос Көлбаевпен кездесу өтті. Қаңтар оқиғасының қаһарманы Жандос Жамалұлы жас буынға Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімнің мақсаты мен міндеті туралы айтып берді. Сондай-ақ, құқықтық тәртіп әскерінің ел қорғанысы жүйесіндегі орнына тоқталып өтті.
Оқу орталығынан өткен шақырушылардың жедел мақсаттағы батальонда, арнайы мақсаттағы оқу ротасында, материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасы мен кинологиялық орталықта қызмет атқаруға мүмкіндіктері бар.
Айтып өту керек, бүгінгі шақырушылар азаматтық парызын өтеумен қатар, әскери маман иелері атануға да мүмкіндіктері бар. Себебі, 6654 әскери бөлімінің басты мақсаттарының бірі – Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне арнайы мамандарын дайындау. Ол дегеніміз әскери бөлімнің табалдырығын аттаған Отан қорғаушылар болашақта БТР маманы, аспаз маман, РХБ қорғаныс маманы, қару-жарақ маманы атануы әбден мүмкін.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі