Үздік офицерлер анықталды

Үздік офицерлер анықталды

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай өткен мерекелік іс-шара барысында батальон буынының мықтыларын анықтайтын «Үздік батальон командирі», «Батальонның үздік штаб бастығы» және «Батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі үздік орынбасары» дәстүрлі байқауының жеңімпаздары марапатталды.

 «Артқан сенімді ақтап, мерейі үстем боп отырған жеңімпаздар мен жүлдегерлер әскердің кадрлық резервіне қойылатын болады. Реті келгенде жоғары лауазымдарға тағайындалып, құқықтық тәртіп әскерінде қазіргіден да маңызды міндеттерді орындайтын болады. Мен 32 жасымда құрама басқарсам, 42 жасымнан әскерге басшылық етіп келемін. Сондықтан, орта буындағы мақсаты айқын, жүректі де жігерлі сардарларға үлкен сенім артудан қорқудың қажеті жоқ», - деді әскердің Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов марапаттау сәтінде.

Өз өңірлерінде топ жарып, әскер бойынша үздіктердің үздігі атануға келген он екі үміткер екі күн қатарынан сынға түсті. Сайыстың алғашқы күнінде қатысушылар жетекші құжаттар, жалпыәскери жарғылар, мемлекеттік-құқықтық дайындық пәндерінен білім деңгейлерін көрсетіп, дене шынықтыру және қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасынан нормативтер тапсырды.

Сайыстың екінші күні басталысымен, «сен тұр, мен атайын» деген сардарлар денелерін қыздырып, кезекті жауапты сынға күш-қуат тұрғысынан да, моральдық тұрғыдан да дайындала бастады. Уақытпен жылдамдыққа жүгіру бір-екеуіне қиындық туғызғанымен, өзге сайыскерлерге оң нәтиже көрсетуге сәтті күн болды. Ал белтемірге тартылудан олқылықтар байқалып жатты. Әскери талап пен тәртіп бәріне ортақ болғандықтан «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмей, әр қатысушы өздері көрсеткен нәтижеге сай тиісті бағаларын алды.

Сайыстың басты мақсаты – әскери ұжымды басқару бойынша офицерлердің тәжірибелік, сондай-ақ ұйымдастырушылық жұмысына белсене атсалысу, жеке құраммен қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындау, қол астындағыларды оқыту мен тәрбиелеу, әскери қызметшілерді кәсіби шеберлігін арттыруға ынталандыру мен тәжірибе алмасу болып табылады. Демек осы тұрғыда үздік үміткерлер талапқа сай келіп тұрғандай. Сайыс «Қаптағай» оқу-жаттығу орталығында қыза түсті. Ату жаттығуын орындау кезінде Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөлімінен келген капитан С. Ноғаев ең жоғары нәтиже көрсетті.

Әскердің батальон буынындағы офицерлерінің  кәсіби шеберлік деңгейін тексеруге бағытталған байқау-сайыстың тартысты өткен ақтық кезеңінде тоғыз әскери қызметші үздіктер санатынан көрінді.

 5517 әскери бөлімінен майор Арман Исмаилов құқықтық тәртіп әскерінің «Үздік батальон командирі» деп танылды. Ал 3650 бөлімінің намысын қорғаған подполковник Айдос Шаяхметов осы номинацияның екінші орынын иеленді. Үшінші орынды 5510 әскери бөлімінен қатысқан майор Азамат Данияров қанжығасына байлады.

6637 әскери бөлімінің намысын қорғаған капитан Ерхан Мұсалімов «Батальонның үздік штаб бастығы» атанды. Осы бағыттағы екінші орынды 6655 әскери бөлімінен капитан Нұржан Бірімжанов, үшінші орынды 28237 әскери бөлімінен аға лейтенант Есеней Ерсайын жеңіп алды.

«Батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі үздік орынбасары» атағына Ұлттық ұлан Әскери институтынан майор Рүстем Тұрлыбаев лайық деп танылды. Аталмыш номинацияның екінші орны 5510 әскери бөлімінен келген капитан Еркебұлан Ерсайыновқа бұйырды. Ал тәрбиешілердің үздік үштігін 5511 әскери бөлімінен капитан Азат Оразұлы қорытындылады.

Халқымыз «Не ексең, соны орасың» дейді. Бұл көрсеткіштер – батальон буыны басшылығындағы сардарлардың өздеріне жүктелген міндеттерді атқару, еншісіне берілген жеке құрамды басқару және өзінің жеке қсиеттері мен кәсіби шеберлігін арттырудағы еңбегінің жемісі деуге әбден болады. Байқау қорытындысына сай олардың жігері мен жеңісі ескеріліп, жүктелетін жауапкершіліктің де салмағы арта түсетіні белгілі. Осы жолда үздіктерге сәттілік серік боп, мақсатқа жетудегі жігері мұқалмасын деген тілек білдіреміз. Ал додада бабы шаппай немесе бағы жанбай қалған үміткерлерге жеңіс тұғырынан көрінген әріптес жолдастардың жолы бұйырсын демекпіз. Ол үшін ортақ үйіміз – Қазақ еліне, жауынгерлік жанұямыз – Ұлттық ұлан қатарында адал қызмет ету парыз!