
Осы аптада Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының барлық санаттағы әскери қызметшілері ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы «Қазтест» жүйесінің ұйымдастыруымен сынақ тапсырды.
Сынақ тестілеу түрінде өткізілді. Тест тыңдалым, оқылым және лексика-грамматика бөліктері бойынша болды. Сынақтың басты мақсаты - әскери қызметшілердің мемлекеттік тілді қандай деңгейде меңгергенін анықтап, қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыру болып табылады.
Қазтест жүйесі дамыту басқармасының жетекші сарапшысы Нұрбек Батырханұлы Нұрымбетовтың айтуынша, мұндай сынақты барлық мемлекеттік ұйымдар өтініш білдіру арқылы тапсыра алады. Осы тапсырылған сынақ қорытындысы бойынша әскери қызметшілермен әр түрлі деңгейде жұмыс атқарылатын болады. Оны Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар Бас басқармасының мемлекеттік тіл бөлімі анықтайды. Аталып өткен мемлекеттік тіл бөлімінің ұйымдастыруымен өткізіліп отырған мұндай сынақтың берері мол.
Жалпы Қазтест жүйесі 2006 жылы Ұлттық тестілеу орталығының базасында құрылған. Бұл жүйе бойынша тестілеу екі кезеңнен тұрады: бірінші кезеңде диагностикалық, яғни жоғарыда атап өткен тыңдалым, оқылым және лексика-грамматика бөліктері бойынша өткізілсе, екінші кезеңде сертификаттық тестілеу түрінде өткізіледі. Бұл жерде бірінші кезеңнің нәтижесіне сәйкес жоғарыда аталған үш бөлікке тағы жазылым бөлігі қосылады. Бұл тестілеудің нәтижесі бойынша сертификат табысталады. Ал бұл жолы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының әскери қызметшілері тестілеудің бірінші кезеңі бойынша сынақ тапсырды.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ұлы тұлғалар айтып өткендей, өз тілімізге деген сүйіспеншілікті әркім өзінен бастау керек.