Мемлекет және әскери қайраткер генерал-лейтенант Болат Жанасаев 70 жасқа толы

Мемлекет және әскери қайраткер генерал-лейтенант Болат Жанасаев 70 жасқа толы

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінің мәдениет үйінде мемлекет және әскери қайраткер генерал-лейтенант Болат Жанасаевтың 70 жасқа толуына орай құрметтеу кеші өтті. Аталған шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке құрамы және ардагерлері,  күш-құрылымдардың өкілдері мен мерейтой иесінің жақындары қатысты.

Алдымен сахнаға Болат Бақытжанұлы мен өмірлік жары Жұмагүл Ахметқызы немерелерімен көтеріліп, құрметті орынға  отырды. Үлкен экрандағы деректі ролик және сахна жүргізушілері арқылы генералдың өмірі баяндалды. Көрермендер мектеп оқушысы, жоғары әскери оқу орнының курсанты, жас лейтенанттан генерал-лейтенантқа дейін өскен әскери қайраткердің өмірінің әр түрлі деректеріне қанықты. Содан кейін кезек мереке есін құттықтауға арнайы келген қонақтарға берілді. Өздерінің құттықтау сөздерін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары- Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің Төрағсы отставкадағы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, ҚР Ұлттық ұланы Академиясының бастығы генерал-майор Бауыржан Абжанов, ҚР ҚМ Білім департаментінің бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметов, ҚР ТЖ министрлігі Комитет бастығының орынбасары генерал-майор Ұларбек Әбікеевтер арнады.

- Генерал Болат Жанасаевтың өмірлік жолы өскелең ұрпаққа үлгі болып табылады. Отанға риясыз қызметтің жарқын үлгісін Болат Бақытжанұлының өмірлік және әскери жолынан көреміз. Бүгінгі күні Ұлттық ұлан мен басқа да әскер түрінде қызмет атқарып жүрген жоғары лауазымды офицерлердің көбісі өздерін генерал Б. Жанасаевтың шәкірттері санайды. Біз бүгінгі мереке иесіне көп жылғы командирлік қамқорлығы үшін алғысымызды білдіремін,-деген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары- Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов мерейтой иесіне ҚР Ішкі істер министірінің атынан жазылған құттықтау хат пен бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Салтанатты шара Ұлттық ұлан ән-би Ансамбілінің орындауындағы мерекелік концертке ұласты. Шара соңында генерал Болат Жанасаев барша жинаған қауымға алғысын айтып, өзінің естеліігі жинақталған кітабының тұсауын кесті.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі