
14 сәуірде сағат 18.30 шамасында Жедел басқару орталығына ер адамнан қоңырау келіп түсті. Ол жарты сағат бұрын 3 жасар қызы үйден шығып, оралмағанын айтты.
Бұдан кейін орталық операторы Ұлттық ұланның барлық әскери жасақтарына шұғыл хабарлама таратты. 5548 әскери бөлімінің сарбаздары қатардағы жауынгер Нұрәділ Байгелдиев пен патрульдер Нұркен Өсерхан, Әлішер Елеуов 1 шағын ауданында қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде жылаған баланың даусын естиді. Алаңдағы үйлердің аулаларында хабарламада айтылған балақайға сырт келбеті ұқсас жылап отырған қызды көреді.
Байланыс құралдары арқылы кезекшіге баяндап, ұландықтар баланы әкесіне қайтарады. Қызын аман-сау көрген әке тәртіп сақшыларына қырағылығы пен шапшаңдығы үшін үлкен алғыс білдірді.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі