Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының күштік құрылымдары бірлесіп, Ерлік күнін атап өтті. Осыдан 27 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасына бітімгерлік миссиясын орындауға қазақстандық батальон аттанған еді. Маңызды міндетті атқарған «Қазбат» құрамындағы бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланның жетінші ротасы 1995 жылдың 7-сәуірінде Пшихавр шатқалында содырлар тарапынан жасалған шабуылға тап болады. Сол қақтығыста 33 жауынгер жараланып, 17-сі ерлікпен қаза тапты. Содан бері бұл күн құқықтық тәртіп әскерінде Ерлік күні ретінде аталып өтеді.
Елордадағы «Отан-Ана» монументі алаңында «Қазбат» жауынгерлерінің құрметіне ашылған Ерлік аллеясында Ұлттық ұлан жеке құрамы жыл сайын еске алу шарасын өткізеді. Биылғы шараның ерекшелігі – аталмыш датаны құқықтық тәртіп әскерімен қатар, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі де бірге атап өтті.
Іс-шараға ІІМ басшылығы, ҚР Ұлттық ұланының, ҰҚК Шекара қызмет және Қорғаныс министрлігінің қолбасшылықтары, ҚР Парламентінің депутаттары, жергілікті атқарушы билік органдары мен қоғам өкілдері, әскер және локальды қақтығыстардың ардагерлері және марқұм болған ерлердің жақындары, сондай-ақ қала мектептеріндегі кадет сыныптарының тәрбиеленушілері қатысты. Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы және астана гарнизонының ұйымдастыруымен Ерлік аллеясындағы «Ер есімі – ел есінде» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Ресми митингіден соң, Ұлттық ұлан және Қорғаныс министрлігінің Құрмет қарауыл роталары, Шекара қызметінің жеке құрамынан және ардагер-жауынгерлерден жасақталған парадтық есеп топтары салтанатты маршпен жүріп өтті.
- Бүгін біз бейбітшілік жолында жанын құрбан еткен жауынгерлерімізге тағзым етудеміз. Мемлекет басшысының Жарлығымен ерлік танытқаны үшін қаза тапқаннан кейін 5 адам ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, 12 адам «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталды. Еліміздің Батыс, Шығыс және Жамбыл облыстарында көшелерге, өзге де қалалардағы мектептерге олардың есімдері берілді. Әскери бөлімдерде ескерткіш тақталар орнатылды. Тәжік халқы қазақстандық батырлар рухына арнап Душанбе қаласында монумент тұрғызды. 2009 жылы 7 сәуірде астана қаласы әкімімің шешімімен дәл қазір сіз бен біз ерлерді еске алып тұрған Ерлік аллеясы ашылды. Сондай-ақ, Ұлттық ұланның бастамасымен 2019 жылы қараша айында шынайы оқиға желісімен түсірілген «Қазбат» көркемфильмі жарыққа шықты. Қазақстан халқы өзінің ержүрек ұлдарын ешқашан ұмытпайды! – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов.
Еске алу шеруінен соң, ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінде ҰҚК Шекара қызметінің бастамасымен жарыққа шыққан «Ерлікке жетелеген жол» кітабының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, дәл осындай тақырыппен тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға арнап көрме ұйымдастырылды. Көрермен назарына ержүрек жауынгерлер туралы мәліметтер, олардың жауынгерлік құралдары мен жеке заттары, ұрысқа қатысқандарын айғақтайтын құжаттамалар және естелік жазбалар топтастырылған композициялар ұсынылды.
Музейдің акт залында Қорғаныс министрлігінің басшылығы бітімгер ардагерлер мен олардың жақындарын, сондай-ақ еске алу шарасына атсалысқан әскери қызметшілерді марапаттады. Марапаттау шарасы ведомстволардың бірлескен концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Айта кетелік, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысына сәйкес, 1993-1999 жылдар аралығында Ішкі әскерлердің жедел мақсаттағы бөлімдерінен екі мыңнан астам әскери қызметші тәжік-ауған шекарасында Қазақстан құрама батальонының құрамында жауынгерлік тапсырмаларды орындады.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметі