
1995 жылы 7 сәуір күні Пшихарв шатқалында Қазақстан Ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың құрсауына түсіп қалады. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 әскери қызметші оққа ұшып, 33-і жараланған еді. Ауған жағынан шабуыл жасаған содырлар бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған болатын. Алайда, қазақстандық жауынгерлер жойқын тойтарыс беріп, бес сағаттық қарулы қақтығыстан кейін шабуылшылар кері шегінуге мәжбүр болды. Қазақстандық батальон жауынгерлері Отан қауіпсіздігі үшін оққа да, отқа да қарсы тұрды. «Қазбат» ерлігіне биыл 27 жыл!
7 сәуір, яғни жетінші рота ерлік көрсеткен күн Ұлттық ұланда – Ерлік күні болып бекітілді. Осы оқиғаға орай, біз аты аңызға айналған жетінші рота сардарлары мен сарбаздарын сөзге тартып, естеліктерімен бөлісуді жөн көрдік.
«Оқ аспаннан жаңбырша жауды. Айналада көздеріне құм толған жауынгерлер жатты. Бәрі де жансыз еді. Бұл көріністі ұмыту мүмкін емес». Бұл тәжік-ауған оқиғасының ардагері батыр Қайрат Сәтбаевтың жадында мәңгі қалған жаңғырық.
- Бастапқыда не болғанын аңғармай қалған біздің бойымызда қорқыныш пен үрейдің ұялағаны анық. Бірақ, ажалмен бетпе-бет келген сайын қайратқа мінеді екенсің. Моджахедтер ә дегенде-ақ алдыңғы және артқы жақтағы көліктерді гранатометпен атып, күлін көкке ұшырып үлгерді. Көк түтін, суылдаған оқ. Әп-сәтте жанымдағы взвод жігіттерін жинап, автокөліктің дөңгелектерін қалқан қылып, тығылдық. Жауынгерлерге «мен бағытты айқындайтын оқтармен атамын, сол жерлерді нысанаға алып, сендер де солай қарай оқ жаудырыңдар» деп бұйрық бердім. Ізі ұшқындап анық көрінген оқпен жауды нысанаға алып атып жатырмын. Артынан сол бағытта сарбаздарым да оқ жаудырды. Қия дүздің бір тұсынан шыққан оқтың үні өшсе, ендігі кезекте автоматтың үні басқа жақтан сақылдап қоя береді. Міне, осылай ұрыс жалғасып жатты. Минуттар сағаттай, сағаттар бейне бір тәуліктей жылжыған сын кез еді ол бір. Жаралыларды жинап, жақын маңдағы БТД-дің қалтарысына жеткіздік. Сағат күндізгі он екі жарымдарда басталған сойқаннан біраз уақыт өтіп, сағат тілі үшке тақапты. Әр қайсымыздың бойымызда «Өмір, мен тірі қалуым керек!» деген жұдырықтай жүрек қайраттана соғады. Сондағы жауынгерлердің ажалдан қаймықпай, Отан алдында берген анттары үшін батырлықпен арпалысқа түскен түрлерін көрсеңіз ғой... Бастапқы да сескеніп қалсақ та, міндетті атқарудан артық парыз жоқ екенін барлығымыз бір адамдай түсіндік, - дей ді сол қақтығыстың қатысушысы әрі куәгері Қайрат Сәтбаев.
Тағы бір кейіпкер запастағы полковник Берік Омаров өз естелігімен былайша бөлісті.
– Боздақтардың қазалы өлімін өз көзіммен көргендіктен, бұл оқиға жаныма қатты батады. Олардың бар көретін қызықтары әлі алда еді. Жау осал болмады. Содырлар соғыс өнеріне әбден машықтанып, ұрыстың айла-тәсілдерін жетік меңгерген. Сұрапыл шайқаста бізді құтқарған 40-50 метрдей жерде тұрған көпір болды. Тауды тесіп өтетін осы көпірге бекініп алып, жауға тойтарыс бермегенде, аман қалуымыз екіталай еді, - дейді тәжік-ауған оқиғасының ардагері Берік Ілесбекұлы.
Прапорщик Динар Сибагатуллин әлі күнге дейін Ұлттық ұланда қызмет атқарады. Әскери қызметін қатардағы жауынгерден бастаған ол да шатқалдағы шайқасқа қатысқан. Содан бергі өмірін құқықтық тәртіп әскерімен байланыстырды.
- Сол күн әлі есімде. «Ұрысқа!» деген бұйрықты ести салысымен, бәріміз машинадан секіріп түсе бастадық. Бір жағы – жартас, екінші жағы – құз жолдың оңтайлы тұсын әдейі таңдап алған жау ес жиғызар емес. Олардың алдын ала бәрін ойластырғанын, ең алдымен пулеметшілер мен зениттік-минометтік қондырғыны бірден жойғанынан от пен оқ арасында қалғанда түсіндік. Бірнеше қарулас достарым машиналардан түскен бетте-ақ жер жастанды. Есімізді тез жинап, жаудың қай жақтан атқылап жатқанын бағдарлай бастадық. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде «100 метрдей қашықтықтағы көпірге бекініңдер!» деген пәрменді естісімен жанұшыра атыса жүріп, соған қарай жүгіргенімде, тізе тұсымның тыз ете қалғанын сездім. Аяғыма граната жарқыншағы тигенін ертеңінде бір-ақ білдім, - дейді Динар Маратұлы.
Аталған шайқастан аман-есен үйіне оралған бұрынғы сарбаздың бірі Дәурен Жақыпбековтің де айтары бар. Бүгіндері қырықтың қырқасынан асқан Дәурен Асқарұлы жас өрен кезінде әскерге аттанған болатын. 1993 жылы Алматы қаласында П. Чайковский атындағы музыкалық училищеде оқып жүргенде академиялық демалысқа шығып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады.
- Сол күні көлікке отырып, колоннамен жолға шыққан едік. Екі айдан кейін әскердің мерзімі аяқталады. Ойымызда ештеңе жоқ. Бейбітшілік миссиясын орындауға барғанбыз. Барлығымыз көлікте отырып, қалжындап, әңгімемізді айтып келе жаттық. Енді сәл шыдасақ, «дембель» болып үйімізге қайтамыз деген көңіл-күйде едік. Шатқалдағы көпірге келгеніміз сол еді... Алдыңмызда және артымызда келе жатқан көліктерді көз алдымызда атып жарып жіберді. Қозғалыс тоқтады.Оқ бұршақша борады. Қасымда отырған сарбаздың басына оқ тиіп, басы қақ айрылып түсті. Менің арқама оқ тиді. Орнымда жатып қалдым. Барлығы абыр-сабыр болып кетті. Қансырап көліктің ішіндемін. Қасымнан оқтар зуылдап өтіп жатыр. Әр сәт мәңгілік секілді. Кез келген секундта өмірмен қош айтысуым мүмкін. Сонда мына өмірдің мәнін түсіндім. Адам өміріне жететін құндылық жоқ екен. Қаруластарыма айтар алғысым мол. Мені тастамай, қауіпсіз жерге жеткізді. Бұл оқиғаны жастар білсе, Отанның мәнін де, өмірдің мәнін де жетік түсінетін еді, - дейді даңқты рота жауынгері Дәурен Жақыпбеков.
Айтып өту керек, сол шайқаста қаза тапқан 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екісіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі берілді. Сондай-ақ батыр боздақтың бәріне Ресей тарапынан «За отличие в службе» медалі қаза болған соң берілді.
Тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақстандық жауынгерлерге құрмет ретінде Душанбеде монумент тұрғызылды. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Отан – Ана» монументі қасынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған Ерлік аллеясы ашылып, ескерткіш баған орнатылды. Сонымен қатар Шымкент, Петропавл және басқа қалаларда да батырларға ескерткіштер қойылған.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының бастамасымен 2019 жылы осы шынайы оқиға желісімен түсірілген «Қазбат» фильмі жарыққа шықты. Оқиға тарихта қалсын, өскелең ұрпақ батырларымыздың ерлігін ұмытпасын деген ниетпен таспаланған кинокартина – жауынгерлерге Ұлттық ұлан тарапынан көрсетілген құрмет болды. Бейбіт күніміз ұзағынан болғай!