
10 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласының Алматы және Байқоңыр аудандарында қызмет атқару барысында жоғалған екі баланы табады. Екеуінің бірінде талма ауруы бар екен.
Әскери жасақ бастығы қатардағы Дархан Ғалы және патрульшілер қатардағы Амандық Кемел және Әлихан Қазиев Жұмабаев көшесін бойлап бара жатқанда қобалжып тұрған азаматшаны байқайды. Ұландықтар азаматшамен сөйлесіп, эпилепсиямен ауыратын қызын жоғалтып алғанын біледі. Анасы өз күшімен іздеген, бірақ нәтиже болмапты. Сарбаздар қыздың сипаттамасын барлық әскери жасақтар мен топ кезекшілеріне жібереді.
Содан кейін, Алматы ауданының Жедел басқару орталығымен байланыс орнатылып, бейнекамералар арқылы қыздың тұрған орны анықталады.
Табылған қыздың анасы әскери жасаққа және елжанды сарбаздарды тәрбиелеген әскери бөлім басшылығына өз алғысын білдірді.
Сондай-ақ, дәл сол күні Байқоңыр ауданында қоғам тыныштығын күзету қызметін атқарып жүрген әскери жасақ бастығы қатардағы Райымбек Бекежанов және патрульшілер қатардағы Тимур Файзуллин мен Намазбай Разгийге Тархан көшесінде кішкентай қыз жолығады. Ол жоғалып, үйіне жол таба алмай қалыпты.
Аталған жағдай туралы дереу патрульдік топ бастығына баяндалады. Анық болғандай, он жасар қызды күнде туыстары мектептен қарсы алатын. Дәл сол күні ешкім алдынан күтіп алмай, қыз өз бетінше жол табуға тырысқан. Содан кейін, жатқа білетін әжесінің нөмірін айтады. Ұландықтар әжесіне қоңырау соғып, мекен-жайды айтады. Қызды алып кетуге келген жақындары жедел көмегі үшін ұландықтарға өз алғыстарын білдіреді.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі