Ішкі істер министрі Ұлттық ұланның жаңа Бас қолбасшысын таныстырды

Ішкі істер министрі Ұлттық ұланның жаңа Бас қолбасшысын таныстырды

Мемлекет басшысының өкімімен генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы лауазымынан босатылып, ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалды Генерал-майор Еркін Ботақанов ҚР  Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы болып тағайындалды.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке құрамына Еркін Советбекұлын Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев  таныстырды.  

Сонымен қатар, ведомство басшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовқа Ұлттық ұландағы ұзақ жылғы жұмысы үшін алғыс білдіріп, жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтады. 

– Қорғаныс ведомствосының басшысына тағайындалу – Мемлекет басшысы тарапынан артылған үлкен сенім. Руслан Фатихұлы үлкен тәжірибеге ие, Қазақстан мен Ресей әскери академияларында білім алған, ғылым кандидаты болып табылады. Руслан Фатихұлына жаңа қызмет орнында сәттілік тілеймін. Бұдан бөлек, Еркін Ботақанов ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы болып тағайындалды. Министрдің жаңа орынбасары қылмыспен күресте және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде Президенттің тапсырмасын орындау үшін барлық шараларды қолданатынына сенімдімін, – деді ведомство басшысы.

Өз кезегінде, Руслан Фатихұлы құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамына бірлескен қызметі үшін алғысын айтып, алда қойған тапсырмаларды орындаудағы әскердің кәсіби деңгейін айтып өтті. Сондай-ақ, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері жаңа Бас қолбасшымен бірге ішкі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жауынгерлік дәстүрді жалғастыратынына сенім білдірді.  

Генерал-майор Еркін Ботақанов Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министріне көрсеткен сенімдері үшін алғысын білдіріп, Ұлттық ұланның қойылған барлық қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға барлық күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.  

Еркін Советбекұлы взвод командирінен Республикалық ұланда полк командиріне дейін, құқықтық тәртіп әскерінде әскери бөлім командирі, бригада командиріне дейін қызметтік жолды өтті. Әр жылдары Ұлттық ұланның «Орталық»  өңірлік қолбасшылығын басқарды, Бас қолбасшының орынбасары, бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы болды. 2020 жылдың тамызынан ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының  бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы лауазымын атқарды.

 ІІ дәрежелі «Айбын», ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен және Қазақстан Республикасының  18 медалімен марапатталған.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі