Антына адалдық танытқан сарбаздың әрекеті желі қолданушыларын тәнті етті.
Видеода белсенділер жас сарбазды үгіттеп жатқаны көрінеді. Алайда сарбаз бұйрықтың аты бұйрық екенін айтып, орнынан қозғалмады. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаны 190 мыңға жуық адам қарап, 700-дейі сарбаздың әрекетін қолдап пікір білдірген.
Ал бұл әскери жігіт — Ұлттық ұланның "Батыс" өңірлік қолбасшылығы 6655-әскери бөліміндегі лейтенант Ұлан Мырзабай.
Ұлан Алматы облысы Қапшағай қаласының тумасы. Ұлттық ұланда 2017 жылдан бері қызмет етеді.
Сол күні Ұлан Мырзабай Ақтөбе облыстық әкімдігінің ғимаратының алдында алдыңғы шепте тұрған. Алғашқыда бәрі тыныш болыпты.
— Біз митингіге қатысушылардың талап-тілектерін айтуға қарсылық танытпай, керісінше оларды қорғап тұрдық. Бірақ кейін оқиға басқаша өрбіді. Кейбір адамдардың әрекеттері түсініксіз болды. Қолдарына тас, таяқ, арматура , Молотов коктейлі болды. Кенет алдыңғы шепте тұрған маған бірнеше белсенді жақындап келіп видеоға түсірді, мені өз жақтарына шығаруға үгіттеді. Антыма адалдық таныттым. Бұйрықтың аты бұйрық екенін айттым. Отанымызды абыроймен қорғауға ант бердік. Еліміз азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігін сақтауды сеніп тапсырды. Сол сенімге лайық болу керек. Мен өз Отаныма адал қызмет етемін, — дейді Ұлан.
