
2022 жылғы 5-12 қаңтар аралығында Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағының сарбаздары қалаларда төтенше жағдайдың құқықтық режимдерін және терроризмге қарсы операцияны қамтамасыз етуде құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға көмек көрсетуда. Дәлірек айтсақ, ұландықтар Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Шымкент, Талдықорған, Өскемен қалаларының жергілікті атқарушы, мемлекеттік органдардың және денсаулық сақтау нысандарының әкімшілік ғимараттарын босату бойынша арнайы операцияға қатысты.
Бұл ретте қарулы шабуылдарға, тәртіпсіздіктерге және тонауға тікелей қатысы бар 343 адам, коменданттық сағатты бұзған 129 адам ұсталды.Ұсталған азаматтардан 3 атыс қаруы, 2 дана травматикалық қару, 1 «РГД-5» гранатасы, 6 жеңіл және дыбыс гранатасы, 1 түтін гранатасы, атыс және травматикалық қаруға арналған 9 патрон, 2 бірлік қырлы қару-жарақ, 1 радиостанция тәркіленді. Сондай-ақ талан-таражға салынған заттар мен жабдықтары бар 5 қойма анықталды.Тапсырмаларды орындау барысында қарулы қарсылық көрсеткен 4 лаңкес залалсыздандырылды. Қазіргі уақытта лаңкестікке қарсы операция жалғасуда.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі