
Еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, бүлікшілермен болған қақтығыста қаза тапқан Ұлттық ұланның екі мерзімді әскери қызметшісі: қатардағы Мадияр Оразалыұлы Қайсаров және қатардағы Айбат Ерболұлы Амановтың мемлекеттік наградамен марапатталғаны белгілі болды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының Жарлығымен қос жауынгер ІІІ-ші дәрежерлі «Айбын» орденімен қаза тапқаннан кейін марапатталды.
Күрделі жағдайда Ұлттық ұланның жеке құрамы басқа күш құрылымдармен бірге еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктің алғашқы күнінен бастап, мемлекетімізде құқықтық тәртіпті орнату арқылы Қазақстанның конституциялық тұтастығын, әр азаматтың құқығы мен бостандығын батыл әрі ержүректілікпен қорғады.
Мадияр мен Айбат алғашқылардың бірі болып арандатушыларға тойтарыс беріп, негізі соққыны өздеріне қабылдады. Теңсіз жағдайда болса қақтығыста бассыздыққа жол бермеуге арпалысып, бейбіт тұрғындарды, өз қаруластарын құтқарамын деп қаза тапты.
Олардың есімдері мәңгілікке Ұлттық ұланның тарихында алтын әріптермен жазылады. Құқықтық тәртіп әскері тарапынан марқұмдардың туған-туыстарына рухани және материалдық көмек көрсетілу үстінде.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі