Нұр-Сұлтан қаласының «Дәулет» спорт кешенінде 2019 жылдың 11-12 қыркүйегі аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Кубогы үшін жекпе-жектен халықаралық турнир өтеді

Нұр-Сұлтан қаласының «Дәулет» спорт кешенінде 2019 жылдың 11-12 қыркүйегі аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Кубогы үшін жекпе-жектен халықаралық турнир өтеді

Аталған шараның мақсаты жекпе-жек сайысы арқылы әскери қолданбалы спорт түрін насихаттай отырып, оны одан әрі дамыту және халықаралық деңгейдегі спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасу, халықаралық байланысты нығайту. Сол сияқты қоғамды саламатты өмір салтын ұстануға үндеп, жастарды патриоттыққа тәрбиелеумен қатар, төрешілердің де кәсібилігін арттыру және ең бастысы ұлттық құрама үшін спорттық командасын жасақтау жолында кіл мықтыларды анықтау болып табылады.

Халықаралық турнирге Ресей Федерациясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Әзірбайжан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы жекпе-жек сайыс шеберлерінің жалпы командалары, сондай-ақ еліміздің Қарулы Күштері, басқа да күш құрылымдарының 13 командасы қатысады.

Боз кілемде 150-ден астам жекпе-жек ұрысының шеберлері 55, 60, 65, 70, 75, 80, 85, 90 кг және 90-нан жоғары салмақ дәрежелері бойынша күш сынасады.

Жекпе-жек сайысы бойынша халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Парламентінің депутаттары мен күш құрылымдарның, қадағалау органдарының бірінші басшылары, шет мемлекеттердің әскери атташелері, спорт комитеттерінің, жекпе-жек түрлері бойынша республикалық спорттық және қоғамдық ұйымдардың, БАҚ өкілдері мен ардагерлер қатысады.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Кубогы үшін халықаралық жекпе-жек сайысы бойынша жарыстың салтанатты ашылуы 2019 жылдың 11 қыркүйегі күні сағат 14.00-де Нұр-Сұлтан қаласының «Дәулет» спорт кешенінде өтеді.