Ұландық жауынгер ел чемпионы атанды

Ұландық жауынгер ел чемпионы атанды

Желтоқсанның 1-і күні Нұр-сұлтан қаласындағы Жекпе-жек спорт-кешенінде Тұңғыш Президент күніне орай қазақ күресінен жарыс өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар бақ сынаған байрақты додада Ұлттық ұлан намысын қорғаған қатардағы Ержан Еренғайыпов өз салмағында жеңімпаз атанды.

Жылдамдық пен ептілікті талап ететін жарысқа Қазақстанның барлық облысынан күрестің майталмандары қатысты. Додаға түскен балуандар үлкен дайындықпен келген.  Солардың қатарында Ұлттық ұлан жауынгерлері де бар. Жарысқа әскеріміздің атынан қатардағы жауынгерлер Еламан Қойшыбаев пен Ержан Еренғайыпов қатысты. 60 келіге дейінгі салмақта бәйгеге түскен балуандардың арасында Ержан төрт қарсыласпен сынға түсті. Күрестің қыр-сырын білетін, дайындығы мығым спортшымыз төртеуінде жеңіп, жеңіс тұғырына мінді.  

- Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарым жақсы дайындалған. Мен бала күнімнен спортқа жақын болдым. Соның ішінде қазақ күресімен айналысып келемін. Әскер саласына келу үшін де бірінші кезекте спортқа мықты болуың керек. Елдің тыныштығын күзету, Отанға деген адал қызметімді 5573 әскери бөлімінде өтеп жүрмін. Әскер менің спортқа деген қызығушылығымды одан сайын арттыра түсті. Бүгін міне нәтижесін көріп отырмын, – дейді Ержан Еренғайыпов.

Алдағы уақытта Ержан ел мен Ұлттық ұлан намысын бұдан да биік жарыстарда қорғайтын болады.