Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мен өз атымнан Сіздерді мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздіктің қайнар көзі 1991 жылы 1 желтоқсанда еліміз алғаш рет бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде өзінің Тұңғыш Президентін сайлап алғаннан басталған болатын. Сондықтан да, Қазақстан Республикасы өзінің Тұңғыш Президентін сайлаған күн - Мемлекеттік мереке күні болып бекітілді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елеулі еңбегі тарихқа алтын әріппен жазылды. Бүгінгі таңда аталған датадан бері табаны күректей 30 жыл өтіпті. Жалпы мерекенің аталып өткеніне 10 жыл толыпты. Осы уақыт ішінде көптеген кең ауқымды дүниелер жасалды.
Тоқсаныншы жылдардың басында экономикасы тұралаған жас мемлекетке басшылыққа келіп, бүгінде әлемнің маңдайалды елдерінің қатарына қосты. Үш онжылдықтың ішінде Қазақстан қанатын кеңге жайып, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуді бетке алған әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі атануында Елбасының еңбегі ерен. Бүгінгі еліміздің барлық жетістіктері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті есімімен етене байланысты.
Құқықтық тәртіп әскері - Ұлттық ұлан Елбасының үнемі басты назарында жүргенінің айқын көрінісін әскердің техникалық және қорғаныс әлеуетінің жоғары жағдайынан байқауға болады. Әскери қызмет пен әскерилердің мәртебесіне қатысты маңызды өзгерістерде Елбасының еңбегі елеулі. Бізге артылған сенім зор, жауапкершілік жүгі мол. Баршамыз сенімге селкеу түсірмей, Елбасының ұлағатын үнемі есте сақтап, күнделікті басшылыққа алуға міндеттіміз.
Мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге және Сіздердің туыстарыңызға денсаулық, бақыт және Отанымызға бейбіт аспан тілеймін!