
Абай мәдениет үйінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Тұңғыш Президент күніне және қаланың 60 жылдығына арналған дәстүрлі «ЖасStar-2021» шығармашыл жастар фестивалі өтті. «Бір ел – бір тағдыр» номинациясында әскери қызметші Никита Тычинин жеңіске жетті.
Фестиваль Абай ауданының Жастар ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылып, 14–28 жас аралығындағы талантты жастарды анықтап, олардың әлеуетін ашуға бағытталған.
«Қатысуға өтінімдер тоғыз елді мекеннен – Есенгелді, Агроқалашық, Ақбастау, Самарка, Сәрепті, Жартас, Топар, Қарабас, Дубовкадан келіп түсті. Қазылар алқасы «Бір ел – бір тағдыр» және «Тәуелсіздіктің 30 жылдығының жетістіктері» атты екі номинацияда өнерлерді бағалады», – деді іс-шараны ұйымдастырушылар.
«Бір ел – бір тағдыр» номинациясында бірінші орынды 6505 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі 20 жастағы сарбазы Никита Тычинин алды. Ол «Мен қазақпын» әнін орындап, жақсы вокалдық қабілеттерін көрсетті.
– Мен Петропавлданмын. Мұнда мен мерзімді әскери қызмет атқарудамын. Вокалмен 13 жасымнан айналысамын. Менің анам музыкант. Әскери қызметке дейін мен өнер колледжінде, соңғы курста оқыдым. Түрлі байқауларға жиі қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Маған фестиваль ұнады, жақсы ұйымдастырылған және қатысушылар да талантты, – деді сарбаз.
Бұл номинацияда екінші және үшінші орындар Самаркадан келген Александр Коршқа және Дубовкадан келген Олег Белоусовқа берілді.
Екінші номинацияда Топардан келген жас қатысушы Жанель Мансур жеңіске жетті. Ол «Тәуелсіздік құрдасы» әнін орындады. Екінші және үшінші орындарды Есенгелді ауылынан келген Дәурен Хурметбекұлы және Жартастың «Русский сувенир» хореографиялық ұжымы иеленді. Фестиваль жеңімпаздары мен қатысушылары дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.