
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен бүгін «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты республикалық байқау өтті.
Онлайн платформа арқылы өткен аталмыш шараға еліміздің 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 800 қатысушының ішінен іріктеліп алынған 25-30 жас аралығындағы 17 үміткер бақ сынады. Олар бұл додада өздерінің мемлекеттік тілде сөйлеу мәнері, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетті.
Сайыс ереже бойынша үш кезеңді қамтыды: алғашқы кезеңде қатысушы өзінің туған жері, өскен ортасы, қызмет орны мен спорт немесе өнердегі жетістіктері жайында 3 минуттық қысқаметражды фильм көрсетті. Екінші кезеңде үміткерлер 3 минут ішінде Қазақстанның жетістіктері мен тарихы жайында өз ойларын жеткізді. Ал шешуші кезеңде 20 минутта «Менің тәуелсіз Қазақстаным» атты тақырыпта эссе жазудан сынға түсті.
Сайысқа Ұлттық ұлан атынан 6636 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің аға көмекшісі капитан Андрей Потанин қатысты. Қазылардың шешімі бойынша әскер намысын арқалаған офицер жүлделі ІІІ орынды иеленіп, арнайы дипломмен және 100 000 теңге сертификатпен марапатталды.